Жол – экономиканың күретамыры
Жол инфрақұрылымы – өте маңызды әрі күрделі сала. Кез келген мемлекеттің дамуы жол сапасымен бағаланады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық. Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек» деген еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдің барлық өңіріндегі жолдарды қайта жаңарту және жаңа жобалармен көптеген ауқымды жұмыстар жыл сайын атқарылып келеді. Республикалық маңызға ие автобандардан бөлек, облыстық, аудандық маңыздағы жолдардың сапасы да бұрынғыдан артқан.
Былтыр аудан аумағындағы бірқатар жол күрделі және орташа жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Оған облыстық, аудандық бюджеттен қаражат қаралған. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да бірнеше жол жөндеуден өтпек.
Жалпы, өңірде аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының саны – 37, ұзындығы – 174 шақырым. Елді мекендердің ішкі көше жолдарының саны – 582, ұзындығы 435 шақырым болса, аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 58 шақырым.
Өткен жылы жалпы құны 502594,0 мың теңгеге 13,5 шақырымды құрайтын 4 аудандық маңызы бар автомобиль жолы орташа жөндеуден өтті. Атап айтсақ, Ерназар-Қойгелді тас жолының 3,8 шақырымы 153567,7 мың теңгеге, Ащыбұлақ ауылына кіреберіс көшенің 2,5 шақырымы 93907,7 мың теңгеге, Аса-Мырзатай ауылын байланыстырып жатқан жолдың 6 шақырымы 226676,2 мың теңгеге, Аса ауылына солтүстіктен кіреберіс көшенің 0,75 шақырымы 28434,0 мың теңгеге жөнделді. Аталған жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын «Тараз көлік жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.
Ауданда өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 9 жоба іске асырылды. 11 елді мекеннің жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайтын 39 көшесі орта жөндеуден өткізілді. Ал, аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа 3 жоба іске асырылды. Сонымен қатар облыстық бюджетті нақтылау барысында Ақбұлым ауылындағы 5 көшені, Сұлутөр ауылындағы 17 көшені орта жөндеуге 245 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды.
Аудан аумағында биылғы жылы жөндеу жұмыстары жүргізілетін жолдарға пайдаланылған құрылыс материалдарының сапасына сараптама жүргізу үшін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен қажетті 15 млн теңгеге келісімшарт жасалған.
Биыл аудан бойынша жалпы құны 707586,0 мың теңгеге ұзындығы 28,1 шақырымды құрайтын 6 аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеуге 50/50 паритетті қаржыландыру жобасы бойынша тізімге енгізілді. Оған аудан бюджетінен 539088,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 168498,0 мың теңге бөлінді.
«Алмалы Ресорт» туристік нысанына кіреберіс жолдың 7 шақырымы 106371,0 мың теңге, «Таскөл» туристік нысанына кіреберіс жолдың 2,8 шақырымы 60442,0 мың теңге, Қызылқайнар ауылына кіреберіс жолдың 0,839 шақырымы 17214,0 мың теңге, Қапал ауылына кіреберіс жолдың 1 шақырымы 19026,0 мың теңге, Кұмтиын-Өрнек-Ерназар автожолының 6 шақырымы 123026,0 мың теңге, Айшабибі-Қаратау ауылдарын байланыстырып жатқан жолдың 10,5 шақырымы 213009,0 мың теңге қаржыға жөнделмек.
Биыл ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 жоба іске асырылады. Яғни, 4 елді мекеннің 19 көшесі 421789,0 мың теңгеге орта жөндеуден өтеді. Аталған қаржының 379609,0 мың теңгесі облыстық бюджеттен, 42180,0 мың теңгесі аудандық бюджеттен қаралып отыр.
Нұрлан НЕСІПБЕКОВ,
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары