Әкімшілік істер бойынша сот актілерінің орындалуы және сот бақылауы

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Президент Қ.К.Тоқаевтың 2021 жылғы 26 қаңтардағы №500 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілді. Жаңа кодекс бойынша талап қоюшы сотқа мемлекеттік органның шығарған әкімшілік актісімен келіспейтіні туралы талап қоюмен жүгіну арқылы өз құқықтарын қорғай алады. Қазақстан Республикасының мамандандырылған әкімшілік соттарының сот актілерінің орындалу тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 28-тарауында көрсетілген. Кодекстің 171 бабының 1 тармағына сай,  соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс. Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады. Соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау даусыз тәртіппен осы Кодекстің 127-бабыныңтоғызыншы бөлігінде белгіленген мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді.Жауапкерді ақша сомасын төлеуге міндеттейтін, ерікті түрде орындалмаған соттың шешімі атқару парағының негізінде мәжбүрлі түрде орындалады, ол талап қоюшының арызы бойынша жазып беріледі.

Сот әкімшілік процеске қатысушылардың негізді өтінішхаты бойынша, сондай-ақ өз бастамасы бойынша, егер анағұрлым кеш орындау әкімшілік процеске қатысушының құқықтарына елеулі зиян келтіретін болса не қиындататын болса немесе мүмкін болмаса, соттың шешімін дереу орындауға жіберуге құқылы.     Сот актісі дереу орындауға жіберілген кезде сот әкімшілік процеске басқа қатысушылардың да құқықтары мен жария мүдделерін де ескереді. Сот кез келген уақытта әкімшілік процеске қатысушының өтінішхаты негізінде дереу орындауға жіберілген сот актісінің орындалуын тоқтата тұруы мүмкін. Дереу орындауға жіберілген сот актілері, егер жоғары тұрған сатының заңды күшіне енбеген сот актісімен күші жойылса немесе өзгертілсе, орындауға жатпайды.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әкімшісінің сот отырысының бас маманы – хатшысы И.А.Қайратова

Leave A Reply

Your email address will not be published.