Тоғыз айдың қорытындысы қандай?
Ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы аудан әкімі Сәкен Арубаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекеме-ұйым басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев баяндама жасады.
Хабарламашының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда аудан экономикасының артқаны, тұрғындардың тұрмысы мен табысы жақсарғаны байқалады. Жалпы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда барлық салада, барлық бағытта өсім бар. Бұл қуанарлық құбылыс ауыл шаруашылығына да, өнеркәсіпке де тән. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де былтырғыдан көтеріңкі. Бөлшек сауда айналымы мен салықтық түсімдер де асығымен орындалып отыр.
Бүгінде барлық ауылдық округте тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар оң шешімін тауып келеді. Бір қуанарлығы, құрылыс саласына республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Ауданда ағымдағы жылдың 9 айында 10 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жалпы алаңы 65510 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй қабылданып, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,2 пайызға артығымен орындалған. Биыл кезекте тұрған 11 мың адамды жер телімімен қамту мақсатында 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына газ, су, электр желілерін жүргізу үшін қазынадан 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Алдағы уақытта 1882 тұрғынға жер телімі берілетін болады.
Биыл 432,9 млн теңге аудан аумағындағы автомобиль жолдарын жөндеуге және қалыпты жағдайда ұстап тұруға бөлінген. Ал, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 235,2 млн теңгеге 5 елді мекеннің 10 ауылішілік көшесі жөнделді. Сонымен қатар, осы жоба аясында 86,7 млн теңгеге Гродеково ауылындағы Ақ жол көшесінің және аудандық бюджеттен бөлінген 31,5 млн теңгеге Айшабибі ауылындағы Жібек жолы көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолы да жөндеуден өтті.
Аудандағы елді мекен тұрғындарының 71,4 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Қазіргі таңда 754,1 млн теңгеге Бесағаш және Түрксіб ауылдарында таза ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Ал, өңірде тұрғындарды газбен қамту үлесі 69 пайызды құрап отыр. Бүгінде 5 елді мекенге 739,6 млн теңгеге ауылішілік газ құбыры тартылуда.
Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында кешенді жоспар бойынша 4405 адам жұмыспен қамтылған. Қоғамдық жұмысқа 320 адам тартылған.
Жиында Қуаныш Қалмаханұлы денсаулық, білім, мәдениет саласындағы жеткен жетістіктерге тоқталып, Жамбыл облысы әкімі мен аудан әкімі, аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдері арасындағы келісімінде айқындалған индикаторлардың орындалуы туралы да кеңінен ақпарат берді.
Мәжілістің күн тәртібі бойынша талқыланған келесі мәселе – аудандағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыспен күресу бойынша атқарылып жатқан жүмыстардың барысы туралы аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Азамат Қалмахан хабарлама жасады.
Азамат Көшербайұлының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 9 айында аудан аумағында 186 қылмыс тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,3 пайызға артқан. Биылғы жылдың 9 айында 17 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 19 адам қаза тауып, 9 азамат дене жарақатын алған. Ал, өткен жылы 17 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 11 адам қайтыс болған. 33 азамат түрлі дене жарақатын алған. Осыған байланысты аудандық полиция бөлімі қызметкерлері жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізуде.
Мәжілісті қорытындылаған Сәкен Арубаев ауданның әлеуметтік-экономикасын дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелеп отыру керектігін тілге тиек етіп, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің жұмысын сын тезіне алды. Кемшіліктерге қатысты сын-ескертпелер айтып, нәтиже шығаруға нақты тапсырма берді. Жиында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сыбаға» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында бірде-бір жоба қолға алынбағанын айтты.
Өңір басшысы ауылдық округ әкімдерінен «Асар», «Жомарт түлек» жобаларының орындалуы бойынша жеке-жеке жауаптар алды. Елімізде өтіп жатқан саяси науқан – халық санағына әрбір азамат жауапкершілікпен қарау керектігін айтты.
Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ