БЕРІК УӘЛИ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Абай облысының әкімі Берік Уәли қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті деп хабарлайды Asaaqparat.kz.

Кездесу барысында өңірдегі өзекті мәселелер талқыланып, аймақтың дамуына қатысты жоба-жоспарлар, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
Кездесуде сөз алған облыс әкімі қоғамдық кеңес мүшелерінің қоғамдағы рөлінің зор екенін атап өтті.

«Алдымызда бірқатар маңызды міндеттер тұр. Ең алдымен, тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуіміз қажет. Өңіріміздің өркендеуі үшін бірлік пен ынтымақ басты құндылықтарымыз болуы тиіс. Президентіміз атап өткендей, біз әділетті қоғам қағидаларын берік ұстанып, кез келген түйткілді мәселелерді шешуде парасаттылық танытуымыз керек» деді аймақ басшысы.

Қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкіміне өңірде логистикалық хаб құру, шекаралық аудандарды дамыту, жолдарды жөндеу, су қоймаларының жұмысын жандандыру, қоқыс мәселесін тәртіпке келтіру бойынша ұсыныс-пікірлерін айтты.

Облыс әкімі өңірде бұған дейін басталған жұмыстың жалғасатынын, ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм, көлік-логистика салаларына, инвестиция тартуға, инфрақұрылымдық жобаларға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді.

«Көлік логистикалық хаб салу бойынша бүгін шет елдік инвесторлармен келіссөз жүргіздім. Семейде тері өңдейтін зауыт салу бойынша да ирандық инвесторлармен кездестім. Өндірістік аймағымыз бар. Жер береміз. Бұл бағытта жұмыс істейміз. Қазіргі алға қойған мақсат – өңірге инвестиция тарту, облыс орталығы – Семей қаласын көркейту. Шаһарды дамыту бойынша бірнеше жоба әзірлеп жатырмыз. Арнайы жоспар дайындалуда. Сіздерге таныстырамыз. Қысқа және ұзақ мерзімді жобалар болады. Аудандар да назардан тыс қалмайды» деді аймақ басшысы.

Кездесуде сөз сөйлеген Абай облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Айнабеков қоғамдық кеңес мүшелері жергілікті биліктің бастамаларын қолдайтынын, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. «Облысты көркейту, қаланы дамыту – ортақ міндет. Өңірде қордаланған мәселе көп. Сондықтан осы мәселелер шешімін тауып, тұрғындардың әл-ауқаты артуы үшін барлығымыз жаңа келген әкімге көмекші болуымыз керек» деді ол.
Кездесуді түйіндеген аймақ басшысы отырыстағы барлық ұсыныс-пікір ескеріліп, қазір әзірленіп жатқан өңірдің арнайы кешенді бағдарламасына енгізілетінін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.