Жуырда аудандық мәслихаттың депутаты Сағатбек Күлекеев Полатқосшы ауылдық округі әкімінің қызмет бөлмесінде жергілікті тұрғындарды қабылдады.
Ауылда жол мәселесі, балалар қауіпсіздігі өзекті болып тұрғанын білді. Жалпақтөбе ауылының тұрғыны Малика Ибрагимова: «Мен – Шиваза көшесінің тұрғынымын. Осыдан біраз уақыт бұрын көшеге қиыршық тас төсеп, тегістеп берген болатын. Енді асфалть төсеп, жол белгілерін орнатып берсе», – деп өтініш білдірсе, Гүлнәр Юсупова ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын Масанчи көшесі асфальттанса деген тілегін тілге тиек етті. Жол мәселесіне қатысты округ әкімі Ержан Данаев: «Аудандық бюджет нақтыланатын кезде біздің тарапымыздан тиісті ұсыным беріледі», – деп жауап берді.
Ал, «Бастау» шаруа қожалығының төрағасы Әкімжан Жақыпов ауылда көше кезіп жүрген қаңғыбас иттердің балаларға қауіп төндіріп тұрғанын, өзінің мектеп жасындағы немересін ит қауып алғанын айтып, олардың көзін жою керектігін көлденең тартты. Сондай-ақ, өзі тұратын Нұрлы жол көшесінің жолы жөнделіп, жарық орнатылса деді.
Депутат тұрғындардың өтініш-тілектерін қаперге алатынын, ол бойынша алдағы уақытта жұмыс жүргізілетінін айтты.
Ильяс Қалыбеков