Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы
Экономикалық тұрақтылығымыз бен болашағымыздың негізі
Ауыл шаруашылығы – біздің экономикалық тұрақтылығымыз бен болашағымыздың негізі. Егілген әрбір дән, алынған әрбір өнім мемлекеттің өркендеуіне үлес қосады.
Санақ – ауыл шаруашылығының барлық күшін кешенді зерттеуге арналған бірегей мүмкіндік. Оның басты мақсаты – елдің аграрлық секторын дамытуға негіз болатын деректерді жинақтау. Санақ нәтижелері аграрлық саясатты қалыптастыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ еңбек ресурстарын ұтымды пайдалануға көмектеседі.
Санақ барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, жер иелері, фермерлер мен кәсіпкерлердің үй шаруашылықтарының деректері жиналады. Бұл процесс заманауи әдістер мен технологияларды қолдана отырып жүргізіледі.
Бәрі оңай. Жылдам әрі оңай. Жауаптар интернет көмегімен және санақ қызметкерлері арқылы жиналады. Санақтағы сіздің жауабыңыз – аграрлық саясаттың негізі. Ауыл шаруашылығы қай бағытта дамитынын дәл қазір шешіңіз.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы қалай жүргізіледі?
Санақ 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазан аралығында екі кезең бойынша өткізіледі. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының алғашқы кезеңі тамыздың 1 мен 31 аралығында онлайн форматта өтеді.
Заңды тұлғалар, фермерлер мен шаруалар, сондай-ақ мал ұстайтын не бақша егетін үй шаруашылықтары сауалнама парағының сұрақтарына sanaq.gov.kz сайтына тіркелу арқылы онлайн түрде жауап бере алады.
Санақтың келесі кезеңі офлайн форматта жалғасады. Сайт арқылы сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарын интервьюер 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында аралайды. Мұнда қағаз бланкілердің орнын планшеттер алмастырады.
Онда толтырылған ақпарат сол сәтте бірыңғай мәліметтер базасына түсіп, деректердің бұрмалануына жол берілмейді. Үйіңізге баратын интервьюердің тиісті куәлігі: көк түсті жилеті мен қалпағы болады.
Олардың жеке басын сәйкестендіру үшін sanaq.gov.kz сайтын қарауға болады.
Санақ пен ресми сайттың жұмысына байланысты кез келген сұрағыңыздың жауабын жедел желіге қоңырау шалу арқылы біле аласыз.
Санақ барысында жиналатын барлық мәліметтің құпиялылығы заңнамамен кепілдендіріледі.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – үлкен өзгерістің бастамасы.