Ауыл шаруашылығы – еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен болашағының берік негізі
Егілген әрбір дән мен алынған әр өнім – мемлекет дамуының кепілі.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық саланы кешенді зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды науқан. Оның басты мақсаты – елдің ауыл шаруашылығы секторын дамытуға қажетті нақты деректерді жинақтау. Санақ қорытындылары аграрлық саясатты жетілдіруге, өнім өңдеудің тиімділігін арттыруға және еңбек ресурстарын ұтымды пайдалануға жол ашады.
Санақ барысында ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, жер иелері, фермерлер мен жеке кәсіпкерлердің үй шаруашылықтары туралы мәліметтер жиналады. Бұл процесс заманауи технологиялар мен әдістерді қолдана отырып, барынша қолайлы әрі жылдам форматта жүзеге асырылады.
Санақ қалай жүргізіледі?
Санақ 2025 жылдың 1 тамызынан 20 қазанға дейін екі кезеңмен өтеді:
1. Онлайн кезең (1–31 тамыз):
Заңды тұлғалар, фермерлер және мал ұстайтын немесе бақша егетін үй шаруашылықтары sanaq.gov.kz сайтына тіркеліп, сауалнамаға онлайн жауап бере алады.
2. Офлайн кезең (20 қыркүйек – 20 қазан):
Онлайн сауалнамаға қатыспаған үй шаруашылықтарын интервьюерлер аралап шығады. Бұл кезеңде қағаз бланкілердің орнына деректерді планшеттерге енгізу қарастырылған. Жиналған ақпарат бірден бірыңғай базаға түсіп, деректердің бұрмалануына жол берілмейді.
Интервьюерлердің таным белгілері:
Олардың арнайы куәлігі, көк түсті жилеті және қалпағы болады. Жеке басын растау үшін sanaq.gov.kz сайтынан тексеруге мүмкіндік бар.
Санақ пен ресми сайттың жұмысына қатысты сұрақтарыңызды жедел желіге хабарласып біле аласыз. Барлық жеке мәліметтер заңнамамен қорғалып, құпия түрде сақталады.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық саладағы үлкен өзгерістердің бастауы.
Сіздің әрбір жауабыңыз – ауыл шаруашылығының болашақ бағытын айқындауға үлес қосады.