«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өшпейді» дейді дана халқымыз. Бұл тәмсіл адал еңбегімен елге қызмет еткен тұлғаларға ғана емес, қоғам өмірін қалт жібермей, шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына да тікелей қатысты. Себебі, қалам иелерінің жазған әрбір мақаласы – уақыттың айнасы, ел дамуының шежіресі, халық пен билік арасын жалғайтын алтын көпір.
Жуырда ауданда бұқаралық ақпарат өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылып, тілшілер өңірдің әлеуметтік, мәдени және өндірістік бағыттағы маңызды нысандарды аралады. Шараның негізгі мақсаты – жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайту, аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын ақпарат арқылы кеңінен таныстыру болды. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті, халықтың әл-ауқаты, жаңа бастамалар мен игі жобалар республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылды. Сапар барысында журналистер ауыл шаруашылығы бағытындағы бірнеше кәсіпорында болды. Оның ішінде ірі мал бордақылау кешені, сүт фермасы және агроөнеркәсіптік жобалар ерекше назар аудартты. Ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз тіршілігі, өндірістің қазіргі жағдайы мен даму әлеуеті жайлы толық ақпарат берілді. Бұл өз кезегінде тілшілер қауымының аймақтағы нақты ахуалды тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.
Баспасөз туры аясында журналистер ең әуелі Ш.Ниязбеков ауылындағы салынып жатқан мәдениет үйі мен аудандық мұрағат ғимаратына аялдады. Кезінде жұпыны ғана көрінетін бұл нысандар бүгінде заманауи талаптарға сай қайта жаңарып, тұрғындарға игілік сыйлап отыр. Әр бұрышында тарихтың ізі мен ұлт рухының лебі сезіледі. Құрылыс алаңында оларды аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Жақсыбек Исақов қарсы алды.
Оның айтуынша, мәдениет үйі заманауи талаптарға сай салынып жатыр. Ғимарат толық іске қосылған соң, ауыл жастары өнерін ұштап, шығармашылықпен айналыса алатын кең мүмкіндікке ие болады. Хореография, вокал, домбыра, көркем сөз үйірмелері, кітапхана – барлығы осы кешенге топтастырылады.
– Бұл нысандар – ауылдың рухани тірегіне айналатын маңызды жобалар. Мәдениет – ауыл дамуының негізі. Ал мұрағат – ұрпаққа аманат болатын өткен тарихтың қазынасы. Бұл нысандардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуы – аудан басшылығының басты назарында, – деді Жақсыбек Сағымбекұлы.
Содан кейін олар Көлқайнар ауылдық округіндегі «AY KUS» ЖШС құс фабрикасына барды. Бұл – аймақ үшін маңызы зор агроөнеркәсіптік жоба. Фабриканың жалпы құны 917 миллион теңгені құрайды. Мұнда бір мезетте 250 мың тауық пен 270 мың балапан өсіріліп, жылына 70 миллион дана жұмыртқа өндіріледі. Бұл – тек аудан емес, облыс аумағына жеткізілетін маңызды өнім көзі.
Кәсіпорын жұмысы жайлы Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаров пен аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Береке Нәсіпбекұлы жан-жақты ақпарат берді.
– Кәсіпорын толығымен автоматтандырылған. Тауықтар арнайы климаттық жүйеде өсіріледі. Жұмыртқалар толық желі арқылы сұрыпталып, буып-түйіледі. Қазіргі таңда мұнда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік, – деді Береке Нәсіпбекұлы.
Журналистер құс фабрикасының жұмыс жүйесін өз көздерімен көріп, жұмыртқа өндірісінің әр кезеңімен егжей-тегжейлі танысты. Заман талабына сай жабдықталған кешеннен ауыл тірлігінің өзгеріп, ілгерілеп келе жатқаны аңғарылды.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері келесі кезекте «АТБ» мал шаруашылығы кешенінің жұмысымен танысты. Мұнда шетелден әкелінген сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал өсіріліп жатыр. Заманауи технологиямен жабдықталған кешенде әрбір сиыр тәулігіне 20 литрге дейін сүт береді. Бұл өнім аудан халқының сүтке деген сұранысын толық қамтып отыр.
Кешеннің барлық құрылымы, сиыр сауу, жемшөппен қамтамасыз ету және дайын өнімді сақтау сынды барлық кезеңдері көрсетілді. Автоматты жүйе малдың сауын уақытын, денсаулығын бақылап, деректерді базаға тіркеп отырады. Бұл – өнімділікті арттырумен қатар, тиімділікті де еселей түсетін технология.
Ауыл шаруашылығы саласының үздіктерінің бірі «Надежда» шаруа қожалығы болды. Бұл – егіншілік пен мал шаруашылығын қатар алып жүрген, өңірдің экономикасына елеулі үлес қосып отырған іргелі қожалық.
Қожалықтың жұмысымен журналистерді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов таныстырды. Ол шаруашылықтың қазіргі ахуалы, жер көлемі, техникалық жабдықталуы, өнім көлемі жайлы толық ақпарат берді.
– Бұл қожалық – қарапайым еңбек пен жаңа технологияны үйлестіре білген тәжірибелі ұжым. Мұнда ауылдың өркендеуіне үлес қосып жүрген жүзден аса адам тұрақты еңбек етеді. Қожалықтың үлгісінде басқа ұсақ шаруашылықтар да дамып келеді, – деді ол.
Журналистер диқандармен тілдесіп, өнім түрлерімен және сақтау қоймаларымен танысты. Көңіл қуантатыны, жер емген еңбек адамының тынымсыз тірлігі нақты нәтижеге ұласып отыр.
Пресс-тур соңында журналистер ауданның әлеуеті мен даму бағытындағы бастамаларға оң баға берді. Қағаздағы есептен гөрі, көзбен көріп, жүрекпен сезіну арқылы құрылған бұл таныстырылым ауданның болашаққа нық қадаммен бет алғанын көрсетті. Қалам ұстаған қауым үшін бұл тың ой, жаңа тақырып, болашақ материалдарға арқау болары анық.