Береке бастауы – бірлік, тірегі – татулық

Қазақ жері миллиондаған тағдырларды тоғыстырды, оларға пана болды. Кеңес дәуірінде қазақ халқы тоталитарлық саясаттың салқынын сезген талай жанға қайырымдылығы мен кеңпейілділігін, даналығы мен қонақжайлылығын көрсетті. Ұлтымыз паш еткен асқақ адамгершіліктің, адал ниеттің, шынайы жанашырлықтың арқасында талай этнос өкілдері қиын-қыстау шақтың ауыртпалығын еңсерді, қазақ жерінде өнді-өсті, бақытын тапты. Міне, осындай өрелі істің нәтижесінде елімізде 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі қаланды. Қазақстанда Ассамблеяның ресми туған күні 2016 жылы «Алғыс айту» күнімен белгіленіп бекітілген болатын. Осы күннен бастап түрлі этнос өкілдері депортация кезінде өз жақынындай қабылдаған қазақтарға ыстық ықыласын, жылы лебіздерін білдіретін болған.
Биыл осы бірегей институттың 30 жылдығы жыл бойына мерекеленіп, тойланбақ. Қоғамда адами құндылықтарды, мейірімділікті, достықты, ризашылықты, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін ілгерілету арқылы қазақстандық бірегейлік пен халық бірлігін нығайту және дамытуға басты назар аударылып отыр. Құрылғанына 30 жыл толған конституциялық институт Тәуелсіздік жылдарындағы толағай табыстардың бастауынан табылып, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқын берекелі еңбекпен ел ырысын арттыруға жұмылдырып келеді.
Бірлігі жарасқан, ымыралы күн кешкен, ежелден достықтың тұғырлы ордасы, бүгінде миллионнан астам тұрғынды бауырына басқан Жамбыл облысында 87 этнос өкілдері тұрады. Өңірлік Ассамблея тарихы Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыпқа енуі бірнеше мәдени бірлестіктер құрылуынан басталды. Алғашқылар қатарында өз қызметін грек, өзбек, тәжік, ұйғыр, дүнген, кәріс, шешен ингуш, орыс, түрік және күрді орталықтары бастады. Облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіруді өңірлік Ассамблея хатшылығының меңгерушілері жүзеге асырды.
Ассамблеяның этносаралық және конфессияаралық бірлік пен келісімде өмір сүре білуді, ұлттық салт дәстүрлерді, ана тілдерін жаңғыртып, дамыта беруді этно-мәдени бірлестік пен хатшылық бірлесе ұтымды атқара білді. Ұйымшыл топтың бастамасымен 2005 жылы Таразда алғашқы рет Достық үйінің салтанатты ашылуы өтті. Ал, 2013 жылдың 26 желтоқсанында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
2014 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын салтанатпен атап өту аясында «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені аумағында бірегейлі сәулет үлгісімен салынған ерекше ғимарат – Достық үйі пайдалануға берілді. Содан бері күмбезді шаңырақ өз жұмысын ойдағыдай атқарып келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.