Бірліктің жарқын бейнесі

Түрлі этнос өкілдерінің ынтымағына қатысты жиындардан осы Тарас Леоненко деген азаматты жиі көремін. Жай қатардағы көптің бірі емес, мінберден қазақ тілінде сөз сөйлеп, белсенділік танытып жүреді. Өзінің ұлты – украин. Қарапайымдылығы, айналасына құрметпен қарауы кімге болсын ерекше әсер етеді. Елгезек, көпшіл азаматтың достары да көп, жеткен жетістігі де көп.
Тарас Викторовичтің балалық шағы Жуалы ауданы, Қоңыртөбеде нағашыларының ауылында өткен. Нағашы атасы мен апасы қазақ. Қазақ балаларымен достасып, бірге өсті. Мектептің 9-сыныбынан соң, Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне «Есептеу техникасы мен автоматтандырылған жүйелерді бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығына қабылданып, 2004 жылы жақсы үлгеріммен бітіріпті. Ал 2010 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Университетте жүргенде де қазақ балаларымен достығы артып, мемлекеттік тілді меңгеруде көш басында жүрді. Қазақ тілінде пікірсайыс байқауларына қатысып, талай рет жүлде алды.
2008 жылы Жуалы аудандық «Мемлекеттік тілім – менің тілім» атты байқауға қатысып, бас жүлдені иеленсе, аудандық жас мамандар арасында «Жемқорлыққа қарсы күресудің жаңа әдістері мен нысандарын әзірлеу» тақырыбында өткізілген пікір-сайыс турнирінде «Үздік спикер» атағына ие болды. Аталған жылы аудандық «Төрлет, жаңа жыл» атты көңілділер мен тапқырлар сайысына қатысып, қазақы қалжыңдар мен әдемі әзілдерін көрсеткені үшін жүлдеге қол жеткізді.
2009 жылы аудандық жас мамандар арасында «Бүкіл әлемдік дағдарыс және оны шешу жолдары» тақырыбында өткізілген пікірсайыс турнирінде «Үздік спикер» атағына ие болғаны – үлкен жетістік.
2009 жылы «Мемлекеттік тіл – менің тілім» облыстық байқауында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мен насихаттауды жандандыруда көрсеткен үздік жетістігі үшін марапатталды.
Аталған жылы «Бүкіл әлемдік дағдарыс және оны шешудің жолдары» атты пікірсайыста «Үздік спикер» атануы да Тарастың жарқын болашағына жол ашты.
2007 жылы Жуалы ауданындағы №21 Дмитрий Пахомов орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі, артынша мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.
Осы қызметін 2018 жылы Тараз қаласындағы №32 орта мектепте де жалғастырды. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы №26 орта мектептің директоры. Үш жылдан бері осы қызметті абыройлы атқарып келеді. Тарас мемлекеттік тілден бөлек орыс, украин, ағылшын тілдерін біледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.