26 тамыз күні Павлодар қаласының Достық үйінде Қазақстанның халық артисі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Ассамблея Шәмшінің әндерін шырқайды» атты музыкалық кеш өтті.
Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» және облыстық «Қазақша ән саламыз» жобаларының аясында ұйымдастырылды.
«Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов ұлттық мәдениет қазынасына 300-ге жуық ән қосты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Әнұраны да бар. Композитордың әуендері ұрпақтарды біріктірген лирика мен шынайылықтың, ұлттық болмыстың символына айналды.
Концертте композитордың кеңінен танымал шығармалары – «Шынарым», «Бақыттымын, құрбылар», «Ақ бантик», «Ана туралы жыр», «Бәрінен де сен сұлу», «Сыған серенадасы», «Арыс жағасында», «Қаракөз» орындалды. Оларды Павлодар облысының этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары шырқады.