2025 жылғы 29 тамызда Тараз қаласындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің «Ұйғыр этносының ұлттық өнері мен рухани мәдениеті» атты өнер және этнографиялық жеке коллекциялардан құралған көрмесі ашылды.
Іс-шараға ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілдері, аймақтағы этномәдени бірлестік жетекшілері мен мүшелері, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсенділері және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Көрменің басты мақсаты — ұйғыр халқының тарихи, рухани, мәдени және ұлттық құндылықтарын кеңінен таныту, ұрпақ санасына ата-бабадан қалған мұраның маңызын сіңіру, сондай-ақ Қазақстандағы қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің үлгісін насихаттау.
Аталған көрме Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 24 сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында берген тапсырмаларына сәйкес әзірленген «модельдік жол картасы» аясында жүзеге асуда. Бұл бастама түрлі этностардың бірегей мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған.
Салтанатты жиынды «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова ашып, өз сөзінде этномәдени мұраны сақтау мен ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті. Ұйғыр бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрсынмамед Қасымов пен Аналар кеңесінің төрайымы Мухабат Алеханова да көрермендерге ізгі тілектерін арнады.