Таразда балалар орыс халқының дәстүрлі қуыршақ жасау өнерін үйренді

2025 жылдың 27 тамызы күні Жамбыл облысында ерекше рухани, тәрбиелік мәні бар іс-шара өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл шара – Тараз қаласындағы Балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебінде өткен «Крупенички» атты шеберлік сағаты. Дәстүрлі орыс халық қуыршағын жасау сабағы балаларды қолөнер әлеміне баурап, мейірім мен мәдени мұраға деген құрметке тәрбиеледі.
Мектептің тыныш бір бұрышында басталған қарапайым ғана шеберлік сағаты көп ұзамай балалардың шынайы қызығушылығы мен ілтипатына бөленген рухани сабаққа айналды. Сабақты өткізген – Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Орыс этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Оксана Дьяченко және ҚХА жанындағы шеберлер клубының, «Qoloner-Тараз» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, қолөнер шебері Ольга Хабарова.

Бұл жай ғана қуыршақ тігу сабағы емес еді. Бұл — ұлттың өткенінен өнеге беретін, жас буынды қолөнер арқылы тәрбиелейтін тірі тарих сабағы. Ольга Хабарова өз сөзінде: «Қуыршақ – жай ойыншық емес. Ол – әр ұлттың мәдени коды, тарихи жады мен әйелдің шексіз мейірімі шоғырланған бейне», — деп атап өтті.

Сабақ барысында күз мезгілінде пісіп-жетілген дәнді дақылдармен толтырылған матадан жасалған дорбалар арқылы дәстүрлі әйел бейнелі қуыршақтар дайындалды. Балалар әр қуыршақты орыс халқының ұлттық нақышындағы киімдермен безендіріп, ою-өрнекті маталардан жастықша тігіп, көркемдік талғамын танытты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.