Жамбыл облысы – көпұлтты Қазақстанның шағын моделі іспетті
Бүгінде бұл аймақта 87 этнос пен этникалық топ өкілдері бейбіт өмір сүріп, ортақ Отанымыздың өркендеуіне үлес қосуда. Осындай алуан түрлі мәдениетті бір арнаға тоғыстырып, бірлік пен келісімді сақтап келе жатқан – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осы айтулы датаға орай Жамбыл облысында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өткен ғылыми-сараптамалық топтың кеңейтілген отырысы. Жас ғалымдар клубының ашылуы – осы бағыттағы келелі бастамалардың бірі.
Достық үйінде өткізілген «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» фестивалі этнос өкілдерінің өнері мен мәдениетін паш етті. 18 шығармашылық ұжым мен 2 жеке орындаушы халық әні, биі, аспаптар арқылы қазақ жеріндегі достықты әспеттеді. Жергілікті «Бозторғай» ансамблінің Астанада өткен республикалық фестивальде ІІ орын алуы – бұл еңбектің нәтижесі.