Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі қайырымдылық саясына айналғалы қашан?! Жыл сайын ҚХА өзінің өңірлік филиалдары арқылы мұқтаж және көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Биылғы жылы да өңірлік ассамблея өкілдері шетте қалмай, дәстүрлі қалыпта тамыз айында басталған жалпыреспубликалық акцияны біртіндеп өткізуде. Акция тамыз айынан бастау алып, қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
Мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік келеңсіздіктер – қилы себептер мен мұқтаждыққа тап болған балалардың мектептен қалуына жол бермей, ел қатарлы сабаққа баруын қадағалау, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қиын жағдайда қалған балаларға көмек беру, қолдау көрсету.
Жамбыл облыстық «Шиват Цион» этномәдени орталығының төрағасы Ирина Ивановна Акулова еврей этномәдени бірлестігінің мүшелерімен бірге аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға мектепке қажетті оқу құралдарын табыстап, өзіндік қолдау көрсетті.
Аталған акцияға дайындық та, сыйлықтарды тарату да жергілікті еврейлердің «Хэсэд Полина» орталығында өтті.
«Біз орталық өкілдерімен бірге республикалық акцияны жылдағыдай қолдауға шешім қабылдадық. Керек-жараққа қаражат жинап, оларға мектепке қажетті кеңсе тауарлары мен басқа да оқу құралдарын алып табыстадық. Балалар – біздің болашағымыз. Біз үшін – балақайлардың нәумез болмай, өздеріне деген қамқорлық пен сенімділікті сезінуі өте маңызды, — деді этномәдени орталықтың төрағасы Ирина Акулова.
Игі шара – оқу жылы басталғанға дейінгі шартты көмек қана емес, сонымен қатар өскелең ұрпаққа қамқорлық, қолдау жасау және оларға ерекше көңіл бөлудің символы іспеттес. Жабдықталған оқу құралдарымен қуанған балалар үйлеріне өздеріне арналған зор сенімділік, жақсы оқу және білімге ұмтылу сияқты мол тілектерге де қанық оралды.
Prev Post