№9 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Сырлыбаев Асқар Бақытұлының сайлауалды бағдарламасы

310

Мен, Сырлыбаев Асқар Бақытұлы, 1982 жылдың 15 ақпанында Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Құмтиын ауылында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ, білімім – жоғары.

2007 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын «Тарих және география» мамандығы бойынша бітірдім.

Еңбек жолымды 2003 жылы аудандық мәдениет үйінде үйірме жетекшісі болып бастап, кейінгі жылдары мәдениет саласында түрлі жауапты қызметтер атқардым. «Зерде» бейнемобилінің меңгерушісі, мұражайдың қор сақтаушысы, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы қызметтерін атқара жүріп, туған жердің тарихын түгендеп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға өз үлесімді қостым.

2019 жылдан бері Жамбыл аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметін атқарып келемін. Осы жылдар ішінде музей жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, мәдени мұраны сақтау мен зерттеу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Отбасымда төрт баланы тәрбиелеп, өсіріп отырмын.

Ел сенімі – басты жауапкершілік

Мен бұл шешімді кездейсоқ қабылдаған жоқпын. Халықпен етене араласа жүріп, елдің мұң-мұқтажын, ауылдың шешімін күткен мәселелерін жақсы білемін. Сондықтан да, өз тәжірибем мен білімімді туған өңірімнің әлеуметтік-экономикалық дамуына арнауды мақсат еттім.

Менің басты ұстанымым – «Әр істің өзегі – халықтың игілігі». Сондықтан, облыстық мәслихат депутаты болып сайланған жағдайда төмендегі бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді көздеймін:

– ауыл экономикасына жаңа инвестициялық жобаларды тарту, ауыл шаруашылығы саласына заманауи технологияларды енгізу;

–  егін және мал шаруашылығымен айналысамын деген азаматтарға мемлекеттік гранттар мен төмен пайызды несиелерге қол жеткізуге ықпал ету;

– егін шаруашылығында тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесін жетілдіру, минералды тыңайтқыштар алу жолдарын жеңілдету;

–  сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар мен тігін цехтарын ашу арқылы жаңа жұмыс орындарын құру;

–  инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға бюджет есебінен қаржы бөлуге атсалысу;

–  жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп, кәсіп ашуға арналған жеңілдетілген және қайтарымсыз несиелер алу мүмкіндігін кеңейту;

– кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, ауыл тұрғындарының тұрақты табысын арттыруға жағдай жасау;

–  көпбалалы аналарға, жалғызбасты және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек тағайындауда заң талаптарының сақталуын қадағалау;

– ауыл мұғалімдері, медицина және техникалық қызметкерлерге коммуналдық жеңілдіктер мен ақшалай өтемақы алуын қамтамасыз етуге бастамашы болу;

– Қызылдихан және Қапал ауылдарында жаңа мектептер салуға ықпал ету;

– мектептер мен мәдениет ошақтарын жаңғырту, материалдық базасын нығайту;

– ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны насихаттауға бағытталған жобаларды дамыту, өлке тарихын жас ұрпақтың бойына сіңіру;

– ауылдық музейлер мен мәдени орталықтардың жұмысын жетілдіру;

– Гродеково ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, Ш.Ниязбеков ауылында спорт кешенін салуға қолдау көрсету;

– Ш.Ниязбеков ауылының аялдамаларын жаңарту, жолдарын жөндеу мәселесін көтеру;

– Қостөбе ауылындағы кәріз жүйесінің түйткілін шешуге назар аудару;

– ауылдық елді мекендерде тұрақты жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау;

– әлеуметтік нысандарды жаңғырту, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды қолдау;

– ауылдың әлеуметтік қажеттіліктеріне бөлінетін қаржыны ұлғайтуға ықпал ету.

Құрметті сайлаушылар!

Бүгінгі мақсатымыз – туған жеріміздің өркендеуі мен халқының әл-ауқатын арттыру. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, өткен мен болашақты жалғайтын рухани көпір болу – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Егер Сіздер менің кандидатурамды қолдасаңыздар, бар білімім мен тәжірибемді, уақытым мен күш-жігерімді жоғарыда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға арнаймын.

Бірге әрекет етсек, ауыл да, аймақ та дамиды! Мен халық пен билік арасындағы алтын көпір болуға дайынмын.

Тапсырыс беруші: №9 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Сырлыбаев А.Б.

Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстары есебінен төленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.