Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің, әділдіктің және рухани жаңғырудың негізі

Мемлекеттік тіл – ел тәуелсіздігінің басты нышаны және қоғамдағы рухани, мәдени, құқықтық тұрақтылықтың негізі. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы ретінде мен мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі рөлі мен маңызын, оны дамытуға бағытталған нақты шараларды және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіл туралы үндеуін назарларыңызға ұсынамын.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бұл мәртебе халқымыздың рухани тұтастығын, мәдени дербестігін және тәуелсіздігін айқындайтын басты белгі.
Мемлекеттік тілдің дамуы – ұлттық сана мен ел бірлігінің айнасы. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде…» – деген сөзі барша азаматқа бағдар болуы тиіс.
Тілге құрмет – елге құрмет. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді білу мен қолдануды азаматтық парыз деп түсінуі қажет.
Сот билігінің әділ және ашық болуы – тікелей тіл мәдениетіне байланысты. Әкімшілік соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекетке деген сенімді нығайту.
Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу – бұл тек заң талабы ғана емес, сонымен бірге азаматтардың сотқа сенімін арттырудың маңызды тетігі. Қазақ тілінде қабылданған шешімдер мен сот актілері қоғам үшін түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс.
Мемлекет басшысы өз Жолдауларында бірнеше рет атап өткендей: «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – мемлекеттің стратегиялық бағыты. Бұл үдеріс табиғи түрде жүруі керек, ешкімді мәжбүрлеу арқылы емес, саналы қажеттілік негізінде жүзеге асуы тиіс».
Мемлекеттік тілдің қолданысын арттыру мақсатында жүйелі шаралар қабылдап келеді. Атап айтқанда:
• Сот отырыстарында мемлекеттік тілді негізгі іс жүргізу тілі ретінде қолдану;
• Азаматтарға сот актілерін қазақ тілінде ұсыну және қажет болған жағдайда қосымша аудармамен қамтамасыз ету;
• Сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде меңгеруін арттыру;
• Мемлекеттік тілдегі заң терминологиясын жетілдіру және сот ісін жүргізу мәдениетін дамыту.
Президентіміздің мына сөзі осы бағыттағы басты ұстанымды айқындайды: «Ешкім ешкімді мына тілде сөйле деп міндеттей алмайды. Бірақ әр азамат өз ана тіліне құрметпен қарауы қажет».
Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады.
Мемлекеттік тіл – елдің рухани тірегі, әділ соттың тілі және ұлттық бірліктің кепілі. Сот жүйесінің басты міндеті – мемлекеттік тілді дамыту, оны сот тәжірибесінде кеңінен қолдану және әр азаматтың өз құқығын мемлекеттік тілде еркін қорғауына мүмкіндік жасау.
Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін тек қағаз жүзінде емес, нақты істе көтеруге тиіспіз. Себебі қазақ тілі – елдің рухы, елдің болашағы.

Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы А.Джасузаков

Leave A Reply

Your email address will not be published.