Е-ӨТІНІШ СЕРВИСІ – МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАННЫҢ АШЫҚТЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Бүгінгі цифрлық дәуірде мемлекеттік басқарудың басты талаптарының бірі – ашықтық пен қолжетімділік. Азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну үдерісін жеңілдету, өтініштердің қаралуын бақылау, азамат пен мемлекет арасындағы байланысты нығайту – заманауи басқару мәдениетінің негізгі бағыттары. Осы талаптарды тиімді жүзеге асырудың маңызды құралы – Е-өтініш сервисі.

Е-өтініш платформасы азаматтардың өтініш берудегі уақытын үнемдеп, қағазбастылықты азайтып қана қоймай, мемлекеттік органдар жұмысының ашық әрі әділ болуына жол ашады. Өтініштің қабылдануынан бастап, толық қаралуына дейінгі барлық кезең электронды түрде көрсетіледі. Бұл – жүйенің басты артықшылығы. Азамат өз өтінішінің қай деңгейде тұрғанын көре алады, мерзімді бақылауда ұстай алады және қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жолдай алады.

Әкімшілік соттар қызметінде де бұл сервистің рөлі айрықша. Өйткені сот органдарындағы әрбір өтініштің уақытылы, әділ және талапқа сай қаралуы азаматтардың құқықтық мәдениетіне ғана емес, сот билігінің беделіне де әсер етеді. Е-өтініш жүйесі арқылы түскен ақпараттың толықтығы, өңделуі мен есепке алынуы автоматты түрде жүзеге асады. Бұл өз кезегінде адами фактордың ықпалын азайтып, процестің объективтілігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, Е-өтініш сервисі мемлекеттік орган жұмысының ашықтығын көрсететін маңызды индикатор болып саналады. Ашықтық – қоғам сенімінің негізі. Егер азамат өзінің өтінішіне жауапты уақытылы алып, процестің айқын жүріп жатқанын көрсе, мемлекетке деген сенімі артады. Бұл – құқықтық мемлекеттің дамуы үшін аса құнды құбылыс.

Е-өтінішті тиімді пайдалану мемлекеттік қызметкерлердің де жауапкершілігін арттырады. Өйткені әрбір өтініштің мерзімі, мазмұны және қаралу сапасы жүйеде тіркеліп, бақылауда тұрады. Бұл мемлекеттік қызметтің мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Е-өтініш сервисі – тек цифрлық құрал емес, мемлекеттік орган жұмысының айқындығын арттыратын, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтатын маңызды тетік. Заманауи технологияны тиімді қолдану арқылы біз азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіріп, мемлекеттік басқарудың сапасын жақсарта аламыз.

Мемлекет пен халық арасындағы сенім – ашықтықтан басталады. Ал ашықтықтың берік кепілі – Е-өтініш сияқты қолжетімді әрі тиімді сервис.

Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әкімшісінің бас маман Е.Е.Қыдырәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.