Жуырда «Атадан – мұра» қоғамдық қорының Тараз қаласындағы өкілі Меруерт Кеншимова аудандық Мәдениет үйінде жасөспірімдер арасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген ұлттық идеяларды кеңінен насихаттау, оның ішінде «Мәңгілік ел» идеясын қолдау мақсатында «Ұлтын сүйген ұланбыз» атты байқау өткізді.
Оған Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарынан арнайы келіп қатысқан өнерлі өрендердің қазақ өнеріне деген сүйіспеншілігі ерекше екені, рухани және көркемдік даму тұрғысынан қалыптасқаны байқау барысында білінді. Әсіресе, жамбылдық жеткіншектердің сөз саптауы көпшіліктің көңілінен шықты.
Айтқандай-ақ, Қапал бастауыш мектебінің оқушылары көркемсөз жанры бойынша топ жарды. Мектеп оқушылары Аруназ Сағындық пен Қарақат Әбдеш бас жүлдені иеленсе, Аяла Дәулеткерім мен Інжу Бақытжан бірінші орынды иемденді. Жеңімпаздармен бірге жетекшісі Меруерт Етекбаева да Алғыс хатпен марапатталды.
Жәнібек Асанов