Көлқайнар ауылдық округіне қарасты аядай Еңбек ауылында бүгінде 650-ге жуық тұрғын тұрады. Ауылда заман талабына сай білім ордасы еңсе тіктегелі де біраз уақыт өтсе, халыққа қолайлы орта қалыптастыру үшін өткен жылы мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен ауылішілік көшелеріне газ құбыры тартылды. Еңбектіктер «көгілдір отынның» қызығын келер жылы көреді. Өйткені орталық магистраллдағы газ құбырының құрылысы аяқталуға жақын. Егер тиянағын табар болса, 8 ауылға газ берілетін болады. Міне, жоғарыдағы айтылған игіліктің барлығы тұрғындардың өтініші негізінде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ талаптар тізімінде Қапал көшесін жарықтандыру керектігі туралы Еңбек ауылының қадірлі ақсақалы Сүйінбек Баетов аудан әкімі Сәкен Арубаевқа сауалын жолдаған болатын. 2020 жылдың қортындысы бойынша өткен есеп беру кездесуінде өңір басшысы қарияның сұраған назарға алатынын, осы жылы жарықтандыруға ықпал ететінін жеткізген еді.
Бүгінде тұрғынның жыл бұрын өтінген тілегі орындалып, көшеге жарық шамдары орнатылды. Құрылыс жұмыстарын жүргізген «Ауыл һ береке16» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұзындығы бір шақырымды құрайтын көшенің түнін де жарық етіп, тұрғындардың қуаныныншын еселеді. Өз кезегінде ауыл азаматтары өтінішті назарға алған аудан басшысына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
— «Әкім жақсы болса, төңірекке бас болар», демекші назарына түртіп алған аудан әкіміне рақметімді айтам. Қас қарайса үйге тығылатын балаларымыздың қуанышында шек жоқ. Көшеміз жарықтандырылып, жәніміз кіріп қалды, — дейді С.Баетов
Ақжігіт Жетпісбай
Жамбыл ауданы