Президент ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзінің ең мықты спортшылары бақ сынайтын Италиядағы XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиаданы айрықша маңызды оқиға деп атады.
– Олимпиада ойындарына 40-қа жуық спортшымыз қатысады. Олар спорттың 10 түрінен жарысқа түседі. Ұлттық құрама мүшелерінің жартысынан көбі Олимпиадаға алғаш рет бара жатыр. Жаһандық бәсеке сіздер үшін зор мүмкіндік әрі үлкен сынақ болмақ. Қысқы Олимпиадаға жолдама алу үшін спортшыларымыз көптеген белестен өтті. Түрлі халықаралық жарыста табысты өнер көрсетіп, 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медальға ие болды. Сонымен бірге біз Паралимпиада ойындарында ел абыройын қорғайтын спортшыларымызға зор сенім артамыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға және Қазақстан паралимпиадалық командасының мүшесі Ербол Хамитовқа табыстады.

@aikyngazeti