«Ауру –астан» дейді халқымыз. Бүгінде адам баласына тағамнан келетін қауіп жоғары, әсіресе үй жағдайында консервіленген көкөністерден жасалған тамақ өнімдері. Қазір қыс мезгілінде көкөністер мен жеміс –жидектерден салаттар, тұздықтарды дайындау (консервілеу) маусымы басталды. Осы ретте үй жағдайында сапасыз әзірленген консервілер уақыт өте келе бұзылып, ондай өнімдерді тұтыну салдарынан кейбір тұрғындар ботулизм ауруына ұшырауы мүмкін.
Ботулизм — тамақтану уланудың аса ауыр түрі, ол танымал биологиялық улардың ішінде өте күшті, улы жылан уынан 375 мың есеге белсенді уыт өндіреді. Ботулизм таяқшасының тұрғылықты мекені – топырақ. Мұнда ол ұзақ жылдар бойы спора түрінде сақталынады, ботулизм қоздыратын уыт ауа жоқ жерде пайда болады. Ботулизм қоздырғыштары табиғатта (топырақта, жан жануарлардың тезегінде) кең таралған. Үйде даярланған консервіленген көкөністерден жасалған салаттарда, әсіресе саңырауқұлақ дұрыс консервіленбегенде бактериялар өсіп-өнеді. Санитарлық ережелер мен талаптардың бұзылуы, дайындау технологиясы мен сақтау тәртіптері бұзылған жағдайда тамақтан уланудың ең ауыр түрі-ботулизм ауруына әкеп соқтырады.
Ботулиндік уыт адамның ас қорыту жолына түскеннен кейін, ол тез арада қанға сіңіп, организмге жайылады. Аурудың алғашқы белгілері жүрегі айнып, лоқсудан, бастың ауыруынан, жалпы әлсіздіктің пайда болуынан, бас айналудан, көздің көру қабілетінің төмендеуінен, заттың көзге қосарланып көрінуінен, көздің алды бұлыңғыр тартуынан білінеді. Орталық жүйке жүйесі зақымданғандықтан, аурудың сөзі түсініксізденіп тілі күрмеледі, жұтыну рефлексі бұзылады, оған птоз (қабақтың төмен түсуі) қосылады. Тыныс алу жүйесінің салдануынан (паралич) науқастың тыныс алуы ауырлап, өліп кетуі мүмкін. Ботулизммен ауырған адамда иммунитет болмайды.
Аурудан сақтану жағдайлары — үй жағдайында банкі жапқан (консервілеген-маринадталған) кезде жеке бас тазалығын және банкілерді жуу, тазалау мен қайнату тәртібін қатаң сақтау керек. Қақпақтары көтерілген, түсі бұзылып иісі шыққан банкілерді жедел түрде жою қажет, тіпті дәмін де татудың қажеті жоқ. Улану жағдайларын болдырмау мақсатында сақтық шараларды мұқият ұстау қажет: үй жағдайында консервіленген маринадталған көкөніс пен жеміс жидектерді 0- +16 градус цельсийде 1 жылдан артық сақтауға болмайды. Кез келген сауда орындарынан консервіленген салаттар мен басқа да тамақ өнімдерін сатып алған жағдайда, олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы керек. Аурудың алғашқы белгілері білінісімен дер кезінде дәрігер шақыртып, ауруханаға жатып арнайы ем қабылдау қажет. Ботулизмге қарсы сарысу егілген жағдайда ғана науқастың таза айығуына мүмкіндік бар. Мұнымен сізді қорқытып отыр деп ойламаңыз. Мүлдем олай емес, сақтықта қорлық жоқ дегендей, сақ болғаныңыз дұрыс. Ең бастысы есіңізде сақтаңыз денсаулық — бұл адамның ең қымбат құндылығы. Сондықтан өнім таңдауда барынша сауатты болған дұрыс!
Жамбыл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы көшеден, базарлардан қалай дайындалғаны белгісіз үй жағдайында консервіленген тағамдарды, көкөністерді, өндірушісі белгісіз және мерзімі өткен кремді кондитерлік өнімдерді (торттар) сатып алмауды ескертеді. Біздің өңір көкөніске өте бай, жылдың кез-келген мезгілінде көкөністер мен жеміс-жидекті сатып алуға мүмкіндік мол. Сол себептен консервіленген тағамдарды жабуды тоқтатайық. Бұл сіздердің денсаулықтарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және жаңа піскен көкөністерде дәрумендер өз қасиетін толық сақтайды.
Жамбыл облысы
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы
Ғ. Әбділда