Мәдениет саласы өкілдеріне жаңа Конституция жобасы түсіндірілді

Аудан әкімінің орынбасары Досымбекова Махпал Сатыбалдықызы мәдениет саласының қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру мақсатында актив кеңес өткізді. Кеңес барысында Конституцияға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулардың маңыздылығы, олардың ел дамуына, қоғам тұрақтылығына және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қосатын үлесі жан-жақты талқыланды.

Жиынға мәдениет үйлері, кітапханалар, музейлер және өзге де мәдени мекемелердің қызметкерлері қатысып, ұсынылып отырған жаңа нормалар жөнінде толық ақпарат алды. Актив кеңес форматында өткен басқосуда қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.

Кеңесте ҚР Конституциясында өзгертілген жаңа заң жобаларына қатысты кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін нығайту, азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты бастамалар сөз болды.

Махпал Досымбекова өз сөзінде Конституциялық реформалардың ел болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, мәдениет саласы қызметкерлерінің халыққа құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізудегі рөлі ерекше екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта да осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулері тұрақты түрде жалғасатынын айтты.

Кеңес қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасын қоғам арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстарын күшейту және мәдени іс-шаралар арқылы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.