Жастармен жүйелі жұмыс – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың қоғамдағы белсенділігін күшейту мақсатында Жамбыл ауданында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Жамбыл аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Кикбаев Бақытжан Ержанұлы Жамбыл ауданына қарасты Қызылқайнар, Жас өркен және Гродеково ауылдарында тұратын өзге этнос өкілдерінің жастарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй, білім беру және еріктілік бағытындағы мүмкіндіктер жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, еліміздің басты заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген жаңа өзгерістер кеңінен тілге тиек етіліп, олардың қоғам өміріндегі маңызы мен жастарға берер мүмкіндіктері атап өтілді.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, жастар өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.
Сонымен қатар, аталған ауылдық округтердің жастарына арналған қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдау барысында жастар әлеуметтік, құқықтық, жұмыспен қамту және өзге де өзекті мәселелер бойынша өтініштерін білдірді. Барлық көтерілген сұрақтар бойынша заң аясында толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нақты жауаптар берілді.
Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – жастармен кері байланысты нығайту, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және туындаған мәселелерді шешу жолдарын бірге қарастыру болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, қоғам өміріне бейжай қарамауына ықпал етеді.
Жамбыл ауданында жастармен жүргізіліп жатқан мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыруға бағытталатын болады.
