Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.
Жиын барысында өңір басшысы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасының мазмұны мен маңызына кеңінен тоқталып, ондағы негізгі жаңашылдықтар мен ерекшеліктерді атап өтті.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Жаңа Конституцияның Преамбуласында алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалған. Сонымен қатар бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің берік негізі ретінде белгіленіп, Егемендік пен Тәуелсіздік, мемлекеттің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылған.
Сондай-ақ Әділеттілік, Заң және Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілгеніне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бапты бекіту ұсынылғаны, Конституциялық комиссия жұмысының жалғасып жатқаны және азаматтардан ұсыныстар қабылданып отырғаны айтылды.

