Бүгін №1 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мария Қапалбаева Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде орналасқан Түлектер орталығына «Жомарт түлек» жобасы аясында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, №1 орта мектебінің түлегі Дауыл Бейсенқұловты және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетовті арнайы шақырып, келелі кездесу өткізді.
Басқосуда жоғары сынып оқушылары осыдан бірнеше жыл бұрын аталмыш мектепті бітіріп, лауазымды қызметтерді атқарып келе жатқан қонақтардың өмірлік жолы мен қызметтегі ұстанымдарына назар аударып, сырлы әңгімелерін тыңдады.
Кездесуде сөз алған Дауыл Ынтықбайұлы бірлігі бекем қазақ елінің Тәуелсіздік алған 30 жыл ішіндегі жетістіктерімізге және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жариялаған «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидасының негізгі бағыттарына тоқталды. «Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті» атты бөлімін ашып түсіндірген ол жаһандану заманында жастар білім іздеп жалықпау керектігін, талантты да дарынды жастар биік белестерді бағындыратынын айта келіп, ел үмітін ақтайтын жастар патриот, қабілетті болу үшін ерінбей ізденіс үстінде жүру керектігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ ой-пікірімен бөліскен Мадияр Әбілханұлы еліміз заманауи талаптарға сай дамып келе жатқанын, жастарға жан-жақты білім алуға мүмкіндіктер көп екенін айтып, мамандық таңдаудың қыр-сырына ерік берді.
Еркін форматта өткен кездесуде жастар өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, ағаларынан үлгі алатындарын жеткізді.
Келелі кездесуді қорытындылаған Мария Кеңесбекқызы жастарға рухани азық сыйлаған қонақтарға алғыс білдірді.
Мақсат ЖҰМАБАЕВ