Заң үстемдігі – тұрақты дамудың кепілі
Аудан активімен өткен жиында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру және оны кеңінен талқылау мәселелері қаралды. Кездесуге облыстық штаб мүшелері – «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев және «AQ JOL» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт қатысып, жоба аясындағы негізгі өзгерістер мен толықтырулар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Жиын барысында Қасымхан Төлендиев Конституция жобасының ел дамуы үшін стратегиялық маңызына тоқталып, ұсынылып отырған нормалардың құқық үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету бағытындағы конституциялық тетіктерге ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Оралхан Дәуіт бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөліне тоқталып, Конституция жобасын халыққа кеңінен түсіндіру, әрбір азаматтың саналы пікір қалыптастыруына ықпал ету – маңызды міндет екенін жеткізді. Ол қоғамдық талқылаудың ашықтығы мен жариялылығы демократиялық үдерістердің басты көрінісі екенін айтты.
Кездесу барысында аудан активі өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Конституциялық реформалардың жергілікті басқару, әлеуметтік саясат, заңнамалық жүйе бағыттарына ықпалы жөнінде пікір алмасу өтті. Жиын қорытындысында қатысушылар Конституция жобасын талқылау – ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың ортақ міндеті екеніне тоқталып, мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
