«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Коалициясы құрылды

Өз сөзінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан ҚаринЖаңа Конституцияның маңызына тоқталды:

«Қазақстан болашақта азаматтары білімді, ғылымды меңгерген, инновацияға арқа сүйеген, технологиясы дамыған елдердің қатарында болуға ұмтылатынын байқатты. Сондықтан, бұл елдің өркендеуіне жаңа серпін беретін Конституция», – деді ол.

Сондай-ақ отырыс барысында «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының Төрағасы Азат Перуашев, «Respublica» партиясының Төрағасы Айдарбек Қожаназаров, Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров, Үнзила Шапақ және Сергей Пономарев сөз сөйледі.

Сонымен қатар «АгромашХолдингKZ» АҚ Президенті Динара Шүкіжанова, Республикалық адвокаттар алқасының Төрағасы Мәди Мырзағараев, саясаттанушы Марат Шибұтов, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Президенті Рауан Кенжеханұлы өз ұстанымдарымен бөлісті.

Кездесуге қатысушылар Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға, кәсіпкерлікті қолдауға, ғылымды, мәдениетті және ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарға толық сәйкес келетінін атап өтті.

Сонымен қатар мемлекет институционалдық өзгерістер жолында маңызды кезеңнен өткені атап өтілді: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы нығаюда, Конституциялық Сот жұмыс істеуде, заңсыз шығарылған активтер мемлекетке қайтарылуда, ұлттық ресурстарды әділ бөлу қағидаты күшейтілуде. Бұл барлық шешім әділдік, теңдік және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік құндылықтарына негізделді.

Жаңа Негізгі заң қоғамдағы терең өзгерістер мен дүниетанымы жаңарған, мемлекетке жоғары талап қоятын жаңа буынның қалыптасуына жауап ретінде қабылданғаны атап өтілді. Осы үміттердің өзегінде адалдыққа, заң үстемдігіне, адамның қадір-қасиетіне деген құрметке және адам құқығына кепілдік беруге деген сұраныс жатыр. Жаңа Конституция осы қоғамдық талаптарға айқын әрі нақты жауап береді.

Сондай-ақ Негізгі заң жобасы қоғаммен ашық әрі ауқымды диалог аясында әзірленгені айтылды. Конституциялық комиссия жұмысы жария түрде, тікелей эфирде және тұрақты кері байланыс орната отырып жүргізілді. Осы уақыт аралығында азаматтардан, сарапшылардан, кәсіби қауымдастықтардан және түрлі сала өкілдерінен 10 мың ұсыныс пен өтініш келіп түсті. Олардың әрқайсысы құжатты әзірлеу барысында қаралып, ескеріліп отырды.

Сөз сөйлеген барша азамат осы шешуші кезеңде Жаңа Конституцияны қабылдаудың тарихи маңызын қалың жұртшылық арасында ілгерілету үшін қоғамдағы жетекші күштерді біріктірудің маңызын атап өтті.

Коалиция құрамына саяси партиялардың орталық және өңірлік құрылымдары, республикалық қоғамдық бірлестіктер, Парламент және мәслихат депутаттары, ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, кәсіподақ ұйымдары, салалық қауымдастықтар мен жастар бірлестіктері кірді.

Жуырда Коалиция мүшелері өңірлерде түсіндіру жұмысын бастайды. Алдағы референдум қарсаңында ашық диалог пен азаматтардың саналы түрде қатысуын қамтамасыз ету мақсатында еңбек ұжымдарымен, сарапшылар қауымымен және тұрғындармен кездесу өткізу жоспарланып отыр. Соның ішінде шалғай елді мекендер де назардан тыс қалмайды. Себебі әрбір қазақстандық азаматтың дауысы аса маңызды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.