БІРЛЕСУ-ЕҢБЕКТЕ ЖЕР ТЕЛІМІН КЕЗЕКТЕГІНІҢ БӘРІ АЛДЫ
Жамбыл ауданында 11 мыңнан астам тұрғын жер кезегіне тіркелген. Осы күнге дейін бұл тақырып бауын тапса, байламын таппай жүрген мәселе еді. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша есептік кездесулерді 17 ауылдық округте өткізген аудан әкімі Сәкен Арубаев тұрғындарға жер телімінің аса қажеттігін анық түсініп, іс-шаралар тізбесіне осы мәселені алдыңғы шепке қойған болатын.
Нәтижесінде, бұл жұмыстар ағымдағы жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен өз жемісін бере бастады. Жұртшылықты жер телімімен қамту мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2,2 млрд теңге бөлініп, 7 елді мекенде 1882 жер телімін беру үшін инфроқұрылымдық-инженерлік желілерді тарту жұмыстары қызу жүргізілді.
Жуырда Шәкен Ниязбеков және Тастөбе ауылындағы 176 жер телімі тұрғындар игілігіне берілген болатын.
Ал ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков Ақбастау ауылдық округіне қарасты Бірлес-Еңбек ауылында кезекте тұрған барлық азаматқа жер комиссиясының оң қорытындысы жарияланған құжатын тапсырып, қуаныштарына ортақтасты.
– Халықтың ұсыныс-тілегі назардан тыс қалмайды. Бүгін 130 жер телімі үй салуға толықтай дайын. Баспана бақыты бұйырсын! Осында үлкен шаңырақтың кірпіші қалансын. Көптен бері кезегін күтіп жүрген азаматтарды тағы да құттықтаймын, – деді Нұрлан Күдербайұлы өз сөзінде.
Кезекке ең алғашқылардың бірі болып тіркелген Бекен Бекбосынов үйдің құрылысын бастауға әзір екенін жеткізді.
– Тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп қана қоймай, орындалып жатқаны қуантады. Көктем келісімен шаңырақ тіктеуге жұмыла кіріспекшіміз. Барлық қуаныш иелерін құттықтаймын, – дейді ол.
Сондай-ақ ауыл әкімі Нұрсұлу Дүзеева тұрғындар тұрғын үй салуда белсенділік танытатына бек сенімді екенін жеткізіп, қуаныш иелерін құттықтады
Ақжігіт Жетпісбай
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы