Кездесуге қазақ күресінің түйе балуандары мен Qazaqstan Barysy турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері – Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов, Ерасыл Қажыбаев қатысты. Сондай-ақ Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдо құрамасының спортшылары да шараға арнайы келді.
Шара барысында жас балуандар қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, сумо мен ұлттық күрес арасындағы ұқсастықтарды танытты. Өз кезегінде Ерсін Балтағұл сумода жиі қолданатын әдістерін көрсетіп, кәсіби спорттағы тәжірибесімен бөлісті.
Спортшының айтуынша, табыстың басты кілті – еңбек, тәртіп және ұлттық негізден ажырамау. Ол қазақ күресі мен дзюдо мектебінен қалыптасқанын айтып, сумо белдесулерінде қазақ күресінің «жамбас» әдісін жиі қолданатынын атап өтті.