Жапонияда өнер көрсетіп жүрген сумошы Ерсін Балтағұл жас балуандарға тәжірибесімен бөлісті

Жапонияда ел намысын қорғап жүрген кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұл қазақстандық спортшылармен және жас балуандармен арнайы кездесіп, тәжірибесімен бөлісті. Халықаралық Qazaq kuresi федерациясының мәліметінше, бұл кездесу жас спортшыларға мотивация беріп, ұлттық күрес пен халықаралық спорт тәжірибесінің сабақтастығын көрсетуімен маңызды болды.

Кездесуге қазақ күресінің түйе балуандары мен Qazaqstan Barysy турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері – Бейбіт Ыстыбаев, Руслан Әбдіразақов, Мұхит Тұрсынов, Ерасыл Қажыбаев қатысты. Сондай-ақ Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдо құрамасының спортшылары да шараға арнайы келді.

Шара барысында жас балуандар қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, сумо мен ұлттық күрес арасындағы ұқсастықтарды танытты. Өз кезегінде Ерсін Балтағұл сумода жиі қолданатын әдістерін көрсетіп, кәсіби спорттағы тәжірибесімен бөлісті.

Спортшының айтуынша, табыстың басты кілті – еңбек, тәртіп және ұлттық негізден ажырамау. Ол қазақ күресі мен дзюдо мектебінен қалыптасқанын айтып, сумо белдесулерінде қазақ күресінің «жамбас» әдісін жиі қолданатынын атап өтті.

Кездесу соңында Qazaq Kuresi ассоциациясының бас директоры Мейіржан Берекетов спортшыға құрмет көрсетіп, дәстүр бойынша шапан жауып, естелік сыйлық табыстады.

Бұл жүздесу жас спортшылар үшін рух беретін әрі ұлттық спорттың халықаралық деңгейде дамуына серпін беретін тағылымды шара ретінде бағаланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.