Ерекше әсер алып қайттым…

Форум
Ерекше әсер алып қайттым
Жуырда Астана қаласында «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы Әйелдер қанатының форумы өтті. Жиынға облыстан Әйелдер қанаты мүшелері мен бірқатар жергілікті мәслихат депутаты қатысты. Бұл басқосудан рухани серпіліс алып қайттық. Партия төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев партия қатарындағы әйелдердің үлесін айқындап, форум жұмысына сәттілік тіледі.
– Партиямызда қаншама мықты, білімді, тәжірибелі ер азаматтар болса, қыздарымыз да олардан кем емес. Әйел-аналардың ортақ ісімізге қосқан үлестері ерекше. Алғашқы форумға партияның әйел мүшелері жан-жақтан келіп отыр. Форум жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Азат Тұрлыбекұлы.
Әйелдер қанатының жетекшісі Дания Еспаеваның нық позициясы мен салиқалы сөздері әрбірімізді жігерлендірді. Бұл – бізге деген шынайы құрмет пен сенімнің айқын көрінісі. Дания Мәдиқызы өз сөзінде «Ақ жол арулары» форумын әйелдерді саясатқа тартып, қоғамдық, экономикалық тұрғыда белсенді болуға шақыратын алаң деп таныстырды. Сонымен қатар әйел көшбасшылығына үлкен қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының Әйелдер қанаты форумын маңызды саяси қадам ретінде қарастыру керек. Ол формалды түрдегі құрылым немесе имидждік жоба емес, бұл – әйелге деген партия көзқарасын жария түрде мәлімдеуіміз, – деді Дания Мәдиқызы.
Осы ретте айта кететін жайт, спикерлер құрамы ерекше талғаммен таңдалғаны қуантты. Барлығы білікті, сөз салмақты, ойы орамды. Тамаша нетворкинг, сапалы білім, жаңа идеялар мен тың шабыт үшін шексіз ризашылық білдіремін.
Сондай-ақ партиядағы азаматтардың қолдауы, төрағалардың бастан-аяқ қатысуы ерекше әсер қалдырды. Бұл – «Ақ жол аруларына» деген жоғары құрметі мен қолдауының белгісі.

Мөлдір Қырықбаева,
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының мүшесі, облыстық «Ақ жол» арулары» қанатының төрайымы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.