ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА 512 ЖЕР ТЕЛІМІ БЕРІЛДІ

Жамбыл ауданында 11 мыңнан астам тұрғын жер кезегіне тіркелген. Осы күнге, яғни 15-20 жылға жуық уақыт аралығында бұл тақырып бауын тапса, байламын таппай жүрген мәселе еді. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша есептік кездесулерді 17 округте өткізген аудан әкімі Сәкен Арубаев тұрғындарға жер телімі қажеттігін анық түсініп, іс-шаралар тізбесіне осы мәселені алдыңғы шепке қойған болатын.

Нәтижесінде, бұл жұмыстар ағымдағы жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен өз жемісін бере бастады. Жұртшылықты жер телімімен қамту мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2,2 млрд теңге бөлініп, 7 елді мекенде 1882 жер телімін беру үшін инфроқұрылымдық-инженерлік желілерді тарту жұмыстары қызу жүргізілді.

Жуырда Шәкен Ниязбеков және Тастөбе ауылындағы 176 жер телімі тұрғындар игілігіне берілген болатын. Ал ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков Ақбастау ауылдық округіне қарасты Бірлес-Еңбек ауылында кезекте тұрған барлық азаматқа жер комиссиясының оң қорытындысы жарияланған құжатын тапсырып, қуаныштарына ортақтасты.

– Халықтың ұсыныс-тілегі назардан тыс қалмайды. Бүгін 130 жер телімі үй салуға толықтай дайын. Баспана бақыты бұйырсын! Осында үлкен шаңырақтың кірпіші қалансын. Көптен бері кезегін күтіп жүрген азаматтарды тағы да құттықтаймын, – деді Нүрлан Күдербайұлы өз сөзінде.

Кезекке алғашқылардың бірі болып тіркелген Бекен Бекбосынов үйдің құрылысын бастауға әзір екенін жеткізді.

– Тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп қана қоймай, орындалып жатқаны қуантады. Көктем келісімен шаңырақ тіктеуге жұмыла кіріспекшіміз. Барлық қуаныш иелерін құттықтаймын, – дейді ол.

Сондай-ақ ауыл әкімі Нұрсұлу Дүзеева қуаныш иелерін құттықтап, тұрғындар аталған жер теліміне үй салып, шаңырақ көтеретінен сенім білдірді.

 

11 ЖЫЛ КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН АЗАМАТ РИЗАШЫЛЫҒЫН БІЛДІРДІ

Сондай-ақ айтулы датаға орай Айша бибі ауылында 382 жер телімі кезектілік тәртібі бойынша үлестірілді. Негізі ауылда 1040 азамат жер кезегіне тіркелген. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков айшабибіліктерді айтулы мерекемен құттықтап, жер телімінің құжаттарын табыстады.

– Өңірді айтпағанда, Айшабибі ауылында биыл ауыз толтырып айтатындай жұмыстар атқарылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен ескі мектеп күрделі жөнден көріп, ата-аналар сұранысы бойынша Жібек жолы көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған тротуар жасалынды. 300 орындықты заманауи үлгідегі мектептің құрылыс жұмыстары бел ортасынан асты. Келер жылы игілікке береміз деп отырмыз.

Сондай-ақ баспана саламын деген азаматтарға жер телімі берілуде. Осында салған үйлеріңіз қарашаңыраққа айналып, ішінен бала-шағаның сыңғыр күлкісі естіле берсін, – деді Нұрлан Күдербайұлы.

Ауыл азаматтарының қуанышы ерекше. 11 жыл бұрын кезекте тұрған Жасұлан Дүйсенбиев: «Жергілікті әкімдік қызметкерлері қуанышты жаңалықпен бөліскенде қатты қуандым. Ауыл әкім Дәрмен Рысбайұлына да ризашылығымды білдіремін. 2010 жыл жер кезегіне тіркелген едім. Өткен жылы аудан басшысына ауыл азаматтарымен бірге осы өтінішімізді жеткіздік. Бүгінде орындалып жатқаны қуантады», дейді ол.

Ақжігіт Жетпісбай, Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.