Азаматтардың негізгі әлеуметтік қызметтерді ақысыз алу жөніндегі барлық бұрынғы кепілдіктері толық көлемде сақталады. Бұны да халықпен кездесулерде егжей-тегжейлі түсіндірдік.
Қоғамдық ортада жиі айтылып жүрген тағы бір тақырып –сөз бостандығына қатысты.
Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы айқын бекітілген. Және де сын айту құқығы мен адамның қадір-қасиетін әдейі қорлау ұғымдарының ара жігі нақты ажыратылған.
Лауазымды тұлғаларды сынауға, олардың қызметіне қатысты жағымсыз пікір білдіруге болады. Біз де бұл жерде біршама лауазымды тұлғаларды қатты сынаймыз. Ол дұрыс. Дегенімен, ешкімді кемсітуге, қорлауға болмайды. Әр адамның ар-намысын мемлекет қорғауы керек деген қағида – маңызды.
Негізі, егер мұқият қарасақ адамның абыройы мен ар-намысын қорғау, зорлық-зомбылықты насихаттауға тыйым салу, қолданыстағы заңнамада бұрыннан бар.
Бұл – халықаралық тәжірибеде кең таралған тәсіл.
Даулы тақырыпқа айналған тағы бірмәселе – арнайы құқықтық режим енгізу. Бұл тақырып, әлі де түрлі сұрақ тудыруда (5-бап, 6-тармақ).
Бұл тұрғыда Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі, оның аумақтық тұтастығы – мызғымас әрі ең басты құндылық екенін біз қоғамдық ортада жалықпай айтуымыз керек.
Арнайы құқықтық режимдерді Конституция деңгейінде бекіту – елдің экономикалық егемендігін күшейтуге бағытталған қадам. Мұнда мемлекеттің унитарлығы және де мемлекеттің толық бақылауы сақталады.
Біз тіпті қазір, ғылыми қалашықтар туралы арнайы заң жобасын қарап жатырмыз. Сол қалаларда да арнайы ортаны қалыптастыру, ғылымды дамыту бойынша жағдай жасау туралыұсыныстарды бердік.
Жалпы, бұл жүйе, инвесторларға заманауи жұмыс орындарын құру, қолайлы көлік желісін дамыту және инженерлік инфрақұрылымды салу міндетін жүктейді. Яғни ол өз кезегінде,тиісті өңірлерде, халықтың өмір сапасының тікелей жақсаруына әкеледі.
Арнайы режим – ірі жобалар үшін техникалық кепілдік. Алатау қаласы немесе Астана қаржы орталығыдеңгейіндегі жобалар, ұзақ мерзімді және ауқымды инвестицияларды талап етеді.
Ал қарапайым заңдар болса — бюджет тапшылығы немесе саяси конъюнктура өзгерген жағдайда оңай түзетілуі мүмкін.
Ал конституциялық деңгейде бекітілген кепілдіктер инвесторға «ойын ережелері» 5—10 жылдан кейін өзгермейтініне нақты сенім береді.
Қорыта келгенде, Жаңа Конституцияда – заман талабына жауап беретін, прогрессивті қоғамның сұранысына сай келетін, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормалар қарастырылған.
Құрметті әріптестер,
Референдумға аз уақыт қалды.
Ауыл-аймақты аралап, халықпен кездесіп жүрген басқа әріптестерімді,осы Парламент мінбері арқылы қоғамдық пікірге талдау жасап, азаматтарды толғандыратын мәселелерге өз бағыттары бойынша түйінді мәлімет беруге шақырамын.
Назарларыңызға рахмет.