Жуырда Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінде аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Сәуле Төлекованың ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар» тақырыбында Жамбыл ауданы әйелдерінің форумы өтті.
Әуелі аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Шария Апенова, Үміткүл Мұсалиева, Әселкүл Дайырханова, Дәмелі Татаева, Светлана Жәнібекова, Сәуле Қонқашева, Айнұр Үкібаева, Ұлдана Нұрланова, Роза Сатова сынды іскер әйелдерді Алғыс хатпен марапаттап, гүл шоқтарын ұсынды.
Форумда Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Жамбыл облыстық филиалының оқытушысы Тәттігүл Орынтаева «Жақсы сөз – жарым ырыс» тақырыбында дәріс оқыды.
– Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі алпауыт жаһандану дәуірінде кез келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық.
Осы ретте, еліміздің ертеңі, әрқайсымыздың өмір жалғасымыз болып табылатын жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – аса өзекті. Жастардың бойында ұлттық құндылықтарға негізделген адамгершілік тәрбие мен адами сезімді қалыптастыру және дамыту мәселесі қазақ ақын-жырауларының ой иірімдері, даналық тұжырымдары, халықтың адамгершілік ұғымдары арқылы жүргізілуі тиіс. Бұлар өз кезегінде жас ұрпақтың адамгершілік сезімдерін дамытып, Отан алдындағы міндеті мен борышын адал атқаруға деген оң көзқарасының қалыптасуына мақсатты ықпал етеді.
Халқымыз «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дегенді тегін айтпаған. Сондықтан да ғасырлар бойы сөз құдіретін сезіне білген, шешеннің билігіне тоқтаған, елдікті сақтаудағы тапқырлығына тәнті болып, дәріптеген. Қыз бен жігіттің бір-біріне алғашқы сезім білдіруі айтыс түрінде өрбісе, қариялар бата беріп, ақ жол тілеп отырған. Тұтас қоғам өмірін қадағалай білген. Ал өнер сайыстарының қайсысы болмасын, өскелең ұрпақты ерлікке, батырлыққа, тапқырлыққа, терең ойлылыққа тәрбиелеген, – деген Тәттігүл Мадиярқызы нәзік жандылардың жаратылысы, оның ішінде өздеріне тән мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері жайлы кеңінен әңгіме өрбітті.
Өз кезегінде залда отырған әйелдер қауымы лектор ханымға келелі әңгімесі үшін рақмет айтып, ризашылықтарын жеткізді.
Ильяс Қалыбеков