Қазақстандық қоғамдық даму институты алдағы референдум туралы халықтың хабардарлығы мен Жаңа Конституция жобасын қолдау деңгейін зерделеу жөнінде әлеуметтанулық сауалнама жүргізді.
📢Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өтетіні туралы халықтың хабардар болу деңгейі
Телефон сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 81,8%-ы елімізде жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өткізу жоспарланып отырғанын біледі, олардың 33,7%-ы референдум туралы жақсы біледі, ал 48,1%-ы бұл туралы естіген, бірақ егжей-тегжейлі білмейді. Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум туралы ештеңе естімегендер үлесі – 17,1%.
Сауалнамаға қатысқандар арасында жалпы хабардарлықтың жоғары көрсеткіші, оның ішінде референдум туралы естігендер үлесі Жамбыл (89,7%), Шығыс Қазақстан (87,8%), Қызылорда (89,1%), Батыс Қазақстан (88,1%) облыстары мен Алматы қаласында (87,6%) жоғары.
Телефон сауалнамасы нәтижелері көрсеткендей, жастар жоспарланған референдум туралы жақсы хабардар (44,8%). Бұл ретте аға буын да егжей-тегжейін білмесе де (51,7%), жалпы жоғары хабардар екенін көрсетті.
Сондай-ақ жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өткізу туралы хабардарлық деңгейі респонденттердің білім деңгейімен де байланысты. Азаматтардың білім деңгейі жоғары болған сайын, хабардар болудың жалпы көрсеткіші де артады. Мысалы, жоғары білімі бар сауалнамаға қатысқандардың 86,7%-ы қандай да бір дәрежеде референдум өткізу туралы естіген болса, орта арнайы, кәсіптік білімі бар сауалнамаға қатысқандардың 74,3%-ы референдум туралы хабардар.
Телефон сауалнамасына қатысқандардың басым көпшілігі (76,9%) елдегі саяси реформалар мен саяси өзгерістер туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден (Tik-tok, Telegram, Instagram, Facebook, ВКонтакте және т.б.) алатынын көрсетті. Ал үштен бірі (33,3%) мұндай жаңалықтарды интернет-сайттардан біледі. Сауалнама қатысушыларының 20,5%-ы теледидарды ақпарат көзі ретінде атап өтті.
