Абай болыңыз!
Интернет-алаяқтықтан сақтаныңыз!
ҚР Ішкі істер министрлігінің ағымдағы жылдың бірінші тоқсанына арналған «Жедел-профилактикалық іс-шаралар мен арнайы операцияларды өткізу» кестесінің 11-тармағын орындау, киберқылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесуге бағытталған «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы аудан аумағында 1 ақпан-30 сәуір аралығында өткізілуде. Жергілікті тұрғындарға алаяқтардың арбауына түспеу үшін не істеу керектігі заң шеңберінде нақты түсіндірілуде.
Шара барысында интернетті пайдалану кезінде сақтану шараларын, интернет-алаяқтықтарды жасаудың түрлерін, жаңа тәсілдерін, сондай-ақ қылмыстарды ашудың оң мысалдарын келтіріп, әлеуметтік желілерге барынша басылым жариялаумен қосымша профилактикалық шаралар жүргізілуде. Аудан орталығында орналасқан «Халық банк», «Азия банк», «Атамекен» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, №12 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі, №3 орта мектеп, №7 орта мектеп, Айшабибі орта мектебі ұжымдарына интернет-алаяқтықтан сақтану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтарында профилактикалық және қылмыстың алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруда. Супермаркеттер, дүкендер, «Ас-Ер» мал базары, автокөлік базары, аудандық орталық аурухана мен емхана және білім беру орталықтарына бас сұғып, мән-жайды түсіндіріп, үнпарақтар таратуда.
Шынтуайтында, әрбір азамат алаяқтардың арбауына түспеу үшін өз құқын біліп, заң шеңберінде сақтық шараларын ұстануы қажет. Алаяқтар адамдарды түрлі тартымды ұсыныстармен алдауға тырысады. «Жылдам табыс», «арзан тауар», «кешіктірілген төлемдер» деген сөздермен тұзаққа түсіреді. Мұндай ұсыныстардың көпшілігі алаяқтардың өтірігі екенін түсіну керек. Егер ұсыныс тым жақсы болып көрінсе, оны мұқият тексеріп, салдарын ойлану маңызды. Сіздің жеке мәліметтеріңізді сұраса, төлем жасауда асықтырса, біліңіз, бұл күдіктінің белгісі.
Техника дамыған сайын, ғаламтор арқылы олжаға оңай қол жеткізетіндер қарасы көбейді. Бүгінде алаяқтардан зардап шегіп, алданып қалып жатқан адамдардың қатары күн санып артуда. Ұрлықтың азайып, алаяқтық жайтының көбейгендігін көруге болады. Соңғы кездері интернет-алаяқтар әлеуметтік желілерде, соның ішінде «OLX», «Kolesa.kz» сайттарында және Telegram, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде белсенді болып, жалған боттар жасау арқылы қолданушылармен хат алмасып, олардың сеніміне кіріп, алдауда. Аудандық полиция қызметкерлеріне әлеуметтік желілерде алаяқтарды анықтау оңай емес. Бұл – күрделі және көп қырлы жұмыс. Өкінішке қарай, олар қарапайым телефонмен-ақ арам істерін іске асыруда.
Бұр ретте, жұмысқа қабылдаймын немесе мемлекеттен берілетін жәрдемақыларды, әлеуметтік көмектерді сізге күмән келтіретіндей жолмен ұсынса, ақпардың нақтылығына және заңды екендігіне көз жеткізіңіз. Онлайн арқылы несие алудан, әлеуметтік желілердегі түрлі тауарларды, өнімдерді және қызметтерді сатуға арналған жарнамаларды қараудан сақ болыңыз. Әртүрлі банктердегі шоттарға төлем аударуды талап еткен жағдайда мұқият болыңыз. Алдын ала төлем жасамаңыз. Тауарларды расталмаған сату көздерін пайдаланбаңыз. Интернетте, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы жасалатын күмәнді мәліметтерден бас тартыңыз. Төлем жүйелерімен белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз. Басқа қалаға арналған қосалқы бөлшектерді сатып алғанда, достарыңыз бен таныстарыңызға айтып, сатушымен кездесіңіз және сатып алынған өнімді тексеріңіз. Көз жеткізбей алмаңыз. Бейнебайланыс жүйесі арқылы сатушының төлқұжатын көрсетуін сұраңыз. Ешкімге банк шотыңыздың нөмірін, құпия сөздерін бермеңіз, айтпаңыз. Осы жазылған кеңестерді ұстаныңыздар. Сонда алаяқтардың арбауына жол бермейсіз.

Ескеретін жайт, банк қызметкерлері өз клиенттеріне қоңырау шалып, күмәнді операциялар туралы хабарламайды. Сіздің жинақтарыңызды қауіпсіз шотқа аударуды ешқашан сұрамайды. Естеріңізде болсын, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыстық істерді қашықтан тергемейді және ешқандай операция жасауды талап етпейді. Мұндай жағдайларда бірден 102 телефон нөміріне қоңырау шалыңыз.
Қуанышбек Тазабеков,
аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары.