Жалпыұлттық референдум қарсаңында өңірде жаңа Ата Заң жобасын түсіндіруге бағытталған кездесулер жалғасуда. Осы мақсатта Жамбыл облысы, Байзақ аудандық жалпыұлттық коалиция мүшелері Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында алдағы референдумның маңызы кеңінен түсіндіріліп, бұл саяси науқан елдің болашағын айқындайтын маңызды қадам екені айтылды. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулардың негізгі бағыттары таныстырылып, оның қоғамның дамуына және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге қосатын үлесі жөнінде жан-жақты әңгіме өрбіді.
Жиында коалиция мүшелері Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулардың әділетті қоғам қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар құжатта мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік қағидалары айқындалып, елдің тұрақты дамуына негіз қаланатыны айтылды.
Коалиция мүшесі Құралай Үкібаеваның айтуынша, жаңа Конституция жобасы қоғамның сұранысына жауап беретін маңызды құжат.
«Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, ол елдің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, қоғамдағы әділдік қағидаларын нығайтуға бағытталған. Әсіресе, білім беру саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені ұстаздар – қоғамның зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын маңызды күш. Сондықтан білім саласының өкілдерінің референдумға белсенді қатысуы елдің болашағы үшін аса маңызды», – деді Құралай Үкібаева.