Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ақбұлым ауылының тұрғындары көпбалалы ана Есенкүл Ержанованы баспана бақытына кенелтті. Кіндігінін 6 ұл-қыз өрбіген кейуана өткен жылы өмірсерігінен айырылып, жалдамалы пәтерде күнелтіп келген. Жалғыздық Алла тағалаға жарасқанын санаға түйген қария «Жетімдер үйінен» бала асырап, құлазыған көңіліне сәуле түсірсе керек. Ұл-қыздары ата-анаға деген қамқорлықты емес, қалта қамының жайына алаңдап, ауылдан алшақтап кеткен секілді. Ауылдастары осылай топшылап отыр. Әрине, тақырыбымыздың арқауы бұл емес. Айтпағымыз, ақбұлымдықтардың еңбегімен абырой биігіне көтерілген Есенкүл әжеге жасаған қайырлы амалы еді. Қадірлі қария облыс әкімі Бердібек Машбекұлының бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында баспаналы болып отыр. Аталмыш жоба аудан әкімі Сәкен Арубаевтың бақылауымен өңірде қызу жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы ауылдағы ағайынның көмегімен 10 үй, биыл 7 баспана мұқтаж деп танылған отбасыға берілді.
Баспана маңына жиналған көпшілік ауызбіршіліктің қайталанбас үлгісін көрсетіп, салтанатты жағдайда пәтер кілтін табыстады. Баспана қуанышын бөліскен ауылдық округтің әкімі Ердос Бейсенов көпшілік алдында сөз алып, таразыда салмағы ауыр амалға үлес қосқан тұрғындарға алғысын білдірді.
– Бүгін сіз бен біз болып, Есенкүл әжеге қуаныш сыйлап отырмыз. Көптен бері үйге қол жеткізе алмай жүрген кейуананы баспана бақытына бөледік. Атсалысқан барлық кәсіпкер мен жаны жомарт жандарға, ауыл азаматтарына рақмет айтқым келеді. Үйдің іші сыңғыр күлкіге, жарқын естелікке, қыдырып келген қонақтарға толсын! Қоныс құтты болсын, – деді ол.
Сондай-ақ ізгі-тілектер легін ауыл ақсақалы, ардагер ұстаз Жамбыл Бесбаев жалғап, батасын берсе, ауыл имамы құран түсірді.
Өз кезегінде сөз алған баспана иесі Есенкүл әже қайырымды жандарға аналық алғысын жаудырды.
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,