Осыдан отыз жыл бұрын егемендігімізді жариялап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Еліміз осы күнге жеткенше үш жүз жыл бодандықтың бұғауында, жетпіс жыл кеңестік империяның шырмауында болды.
Тәуелсіздік – біз үшін басқа қонған бақ, астыға тиген тақ. Бақты бағалаған халықты бастайтын тақ иесі де болады. Тәуелсіздігімізді алған соң халықтың басын біріктіріп, өз алдына ел қылуды басты мақсат еткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз. Елбасының сарабдал саясатымен еліміз бүкіл әлемге танылды, дамудың даңғыл жолына түсті. Елі үшін аянбай еңбек еткені бізді осы нұрлы күндерге жеткізді.
Ерназар ауылдық кітапханасында жергілікті мекеме-ұйым қызметкерлері мен ауыл жастарының қатысуымен өткен «Əлем таныған тұлға» атты «дөңгелек үстел» отырысында жоғарыда жазылған жайттар кеңінен сөз болды. Ауыл жастары еліміздің еңсесін тіктеп, мемлекеттігімізді мығымдап берген, халқымызды әлемге танытып, Алаштың абыройын асқақтатқан Елбасының сан қырлы дарын иесі екенін ұғынып, кісілік келбетін таныды.
Шара соңында кітапхана меңгерушісі Ұлжан Әліқұлова көпшілік назарына ұсынылған «Елін сүйген Елбасы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
Динара Байхатова,
Ерназар ауылдық округінің аула клуб жетекшісі.