Ауданымызда референдум учаскелері таң ертесімен жұмысын бастап кетті. Адамдардың келу қарқыны да жақсы. Бұл ретте, Аса ауылындағы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында орналасқан №166 референдум учаскесінің жұмысы сағат 7:00-де мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталды. Таңертеңнен азаматтық ұстанымын білдірген жергілікті халықтың қарасы қалың болды. Әсіресе, дауыс берушілер арасында жастар көп. Референдум учаскесі комиссиясының төрайымы Мария Қапалбаеваның айтуынша, мұнда 2693 адам дауыс беруші ретінде тіркелген.
«2693 дауыс берушісі бар біздің учаскеге таңғы сағат 7.00-де он шақты адам келіп дауыс беруді бастады. Қазіргі қарқынға қарағанда сағатына 50-100 адамнан келіп жатыр. Алғаш болып дауыс берген адамдарға сыйлықтар тарту еттік. Байқаушылар да таңғы сағат 7.00-ден бастап жұмыстарына кірісті», деді Мария Кеңесбекқызы.