Жамбыл облысында білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді: негізгі көрсеткіштер мен жаңа бастамалар

Бүгінде облыста мектепке дейінгі білім беру саласы толыққанды дамып келеді. Жалпы саны 619 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, онда 63,6 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Нәтижесінде 3–6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 100 пайызға жетті. Барлық балабақшалар автоматтандырылып, ваучерлік қаржыландыру жүйесі мен Face ID енгізілуі қызметтің ашықтығын арттырды.

Орта білім беру жүйесінде 531 мектепте 245 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 73 жекеменшік мектепте 18 мыңнан астам бала оқиды. Мемлекет тарапынан жеке мектептерді қолдауға 2026 жылға 12,5 млрд теңге бөлінген.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты нәтижелер бар. 2025 жылы 14 білім нысаны пайдалануға беріліп, апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешімін тапты. Сонымен қатар 16 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 41 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, STEM зертханалары, робототехника және IT кабинеттері ашылды. Бұл мақсатқа 2,2 млрд теңге бөлінсе, «Қазақстан халқына» қоры арқылы қосымша 750 млн теңгеге үш мектеп жабдықталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.