«Казфосфат» – ТМД мен Еуропадағы фосфор тыңайтқыштарын өндіретін ірі компаниялардың бірі. Компания кәсіпорындарында геологтар мен кеншілерден бастап химия өндірісінің мамандарына дейін үш мыңнан астам адам еңбек етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша соңғы 32 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, 1,4 млн тонна фосфорит ұны өндірілді. Осындай ауқымды кәсіпорын үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік әрдайым басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
Жол картасын іске асыру аясында зауытта интеллектуалды бейнебақылау жүйесі енгізілді. AI Safety Control жүйесі бейнеағынды нақты уақыт режимінде талдап, техника қауіпсіздігі талаптарының бұзылу фактілерін тіркейді. Мысалы, жасанды интеллект қызметкерлерде жеке қорғаныс құралдарының — каска, қорғаныс көзілдірігі, арнайы киімнің болмауын, тыйым салынған аймақтарға кіруді немесе қызметкерлердің әлеуетті қауіпті аумақтарда болуын анықтайды.