Жамбыл өңірінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығының куәгері болған Ұлы Отан соғысының ардагері қатарынан Қасен ата Шанбаев қана қалып отыр. Жасы тоқсанның тоғызына аяқ басқан қаһарманның есінде бәрі бар.
Тәуелсіздік мерекесі күніне және Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл толуына орай ардагерді аудан әкімі Сәкен Арубаев, аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев арнайы құттықтап барып, сый-құрмет көрсетті.
Бұл жолғы құттықтау әдеттегідей аудан өнерпаздардарының қатысуымен өтіп, зұлматты жылдарды еске түсіретін әуезді әуендер шырқалды. Қария әнге қосылып, бір сергіп қалды. Ардагердің есіне поездқа мініп, аттанып бара жатқанда аяулы анасы соңынан ақ жаулығын желбіретіп жүгіргені, қандыкөйлек жолдастарымен өткен сағым естеліктер түсіп, ағынан ақтарыла әңгімелеп берді.
Кездесуде сөз алған аудан басшысы Сәкен Қаланұлы қарияны егемендіктің жылдығымен құттықтады.
🗒 – Сіздер көзіміз көрген еліміздің қаһарманысыздар. Жеңістің алғашқы дәмін сезінген де, кейінгі ұрпаққа «қой үстіне бозторғай ұя салған» ғұмырды тарту еткен де, бүгінде шаттанып жүргеніміз де сіздердің арқаларыңызда. Ел ертеңі үшін ажалмен бетпе-бет келсеңіздерде, мойымадыңыздар. Ерліктің ерен үлгісін көрсете білдіңіздер. Сол үшінде мына өскелең ұрпақ сіздерге мәңгілік қарыздар. Бүгінде тәуелсіз ел атанғанымызға жыл толып отыр. Бұл әлбетте, оққа Отан үшін кеудесін тосқан оғландарымыздың елі үшін жанын пида еткенінің жемісі, – деген Сәкен Қаланұлы ардагердің омырауына ауданның Құрметті ардагері төсбелгісін тақты.
Өз кезегінде сөз алған ардагер аудан басшысына шексіз ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Бүгінде ардагердің 3 қызы мен 3 ұлының қатары 18 немереге, 37 шөбереге, 4 шөпшекке жетіп отыр. Ал қарияның денсаулығына қызы Қалия мен шөбересі Гүлбаршын қарайласып отыр.
Ардагермен кездесуге Айшабибі ауылдық округінің әкімі Дәрмен Дәулет пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов қатысып отырды.
Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.