ЖАМБЫЛДА «МӨЛДІР БҰЛАҚ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Жамбыл өңірінде табиғатты қорғауға бағытталған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы кең ауқымда ұйымдастырылды. Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып, Наурызнама онкүндігінің «Тазару күнімен» үйлесім тапты.

Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесіп өткізді. Акцияның негізгі мақсаты – табиғи су көздерін сақтау, бұлақтар мен өзен-көлдерді тазарту, сондай-ақ жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

Акция барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданындағы Жалғызтал бұлағының көзін ашып, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстарға өңір жастары да белсенді қатысып, тазалық шараларына өз үлестерін қосты.

Айта кетейік, аталған жоба аясында облыста алғаш рет «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысы құрылды. Оның құрамына Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері де қосылып, табиғатты қорғау бағытындағы бастамаларды қолдады. Бұл қозғалыс су саласына бағытталған алғашқы еріктілер ұйымдарының бірі ретінде бағалануда.

Өз кезегінде Нұржан Нұржігітов жобаның маңыздылығына тоқталып, оның алдағы уақытта республика көлемінде жалғасатынын атап өтті. Ал өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бұлақ көзін ашу – атадан қалған мұра екенін айтып, табиғатты қорғау әр азаматтың міндеті екенін жеткізді.

Шара барысында ардагерлер батасын беріп, жастарға үлгі көрсетті. Қоғам белсенділері экологиялық тәрбиенің маңызын атап өтті.

Жалпы, «Мөлдір бұлақ» акциясы облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылып, кең көлемде өтті. Бұл бастама қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.