ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН КҮН

Тәуелсіздігімізді алып, өз алдына дербес мемлекет құрып, ел болып еңсемізді тіктегенімізге 30 жыл. Тарих үшін қас-қағым сәт, аз ғана уақыт болғанымен, біздің ел осы кезеңде дамудың даңғыл жолына түсіп, дамыған елдердің қатарына қосылды. Жоғымыз түгенделіп, ескіміз жаңарды. Барлығы да ел бірлігінің, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салған сара жолының, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясатының жеңісті жемісі.
Дәл осы күнге жету үшін қазақ халқының көп қиыншылық көргені мәлім. Арыға бармай-ақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қараша халықтың көрген күні, сол кездегі жағдайы әлі күнге дейін ел есінде. Қиын-қыстау уақытта жұртшылық «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып ерінбей еңбек етті. Қараңғы күндерді жарық, бұлыңғыр болашағымызды жарқын қылды. Соның арқасында экономикамыз көтеріліп, халықтың табысы, сонымен бірге әл-ауқаты артып, тұрмысы түзеліп, жағдайы жақсарды. Бұл күнде көрген қиыншылықтың бәрі ұмыт қалғандай.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен мерекелік жиында аудан әкімі Сәкен Арубаев ауданға еңбегі сіңген, тәуелсіздік жылдарында түрлі салада қызмет етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлерімен, бірқатар мекеме, бөлім басшыларымен және қызметкерлерімен жүздесіп, оларды айтулы мерекемен құттықтап, барлығын марапаттады. Оларға «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін, сондай-ақ екі азаматқа «Елеулі еңбегі үшін» медалін табыс етті.
Медальді кеудесіне таққан әрбір азамат үшін бұл марапат өткен күндердің белгісіндей болып тұрды. Ел игілігі, баянды болашақ жолындағы еселі еңбегінің өтеуі іспеттес. Сөзсіз, олардың өңірге сіңірген еңбегі өлшеусіз. Осындайда аудан жастарының аға буыннан үлгі алып, ізімен жүрсе дейсін.
Ильяс Қалыбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.