Кәсіпкерлік – бүгінгі қоғамның экономикалық тірегі ғана емес, жастардың өзін-өзі жүзеге асыруына жол ашатын маңызды бағыт. Адал еңбек пен табандылыққа негізделген кез келген іс нәтижесіз қалмайды. Осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған жас кәсіпкердің бірі – Қайырбек Байғабы.
Қайырбектің кәсіпкерлік жолы отбасылық негізде қалыптасты. Шамамен 12 жыл бұрын анасы үй жағдайында гүл өсірумен айналысып, шағын сауда бастаған. Уақыт өте келе бұл іс отбасының тұрақты табыс көзіне айналды. Ал Қайырбектің кәсіпке қызығушылығы мектеп қабырғасында, нақтырақ айтқанда 8–9 сыныптарда оянды. Карантин кезеңінде ол алғаш рет медициналық бетперде сатып, сауда саласындағы алғашқы тәжірибесін жинақтады.
Ата-анасының сенімі мен қолдауы оның кәсіпке толық бет бұруына негіз болды. Кейін отбасылық гүл өсіру ісін өз қолына алып, оны жүйелі бизнеске айналдырды. Бүгінде ол небәрі 18 жаста болса да, жеке кәсібін жүргізіп отырған жас кәсіпкер. Сонымен қатар, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық университетінің заң факультетінде білім алып жүр.