Су саласының саңлағы: Дәулетбай Нұрабаевтың тағылымды еңбек жолы

Елімізде маңдай терін төгіп, адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген абыройлы азаматтар аз емес. Солардың бірі – Жуалы ауданының тұрғыны, сушаруашылығы саласының білікті маманы Дәулетбай Мырзайұлы Нұрабаев. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы осы салада табанды еңбек етіп, кәсібилігімен де, адамгершілік болмысымен де құрметке ие болған тұлға.

Дәулетбай Нұрабаев еңбек жолын 1984 жылы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының Жуалы аудандық «Ақсай» өндірістік бөлімшесінде су бақылаушы қызметінен бастаған. Іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында қызмет сатысымен көтеріліп, канал учаскесінің басшысы атанды. Ал 2000 жылдан бері «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы ретінде абыройлы қызмет атқарып келеді.

Ол 1963 жылы Жуалы ауданына қарасты Қайрат ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке бейім болып өскен Дәулетбай Мырзайұлы №2 Мыңбұлақ орта мектебін жақсы аяқтап, білімін Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында жалғастырды. Инженер-гидротехник мамандығын меңгеріп, еңбек жолында тәжірибелі мамандардан тәлім алып, кәсіби шеберлігін шыңдай түсті. Уақыт өте келе өзі де жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәлімгерге айналды.

Бүгінде оның тәрбиесін көрген шәкірттері сушаруашылығы саласында табысты еңбек етіп жүр. Бұл – оның ұстаздық еңбегінің айқын нәтижесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.