Жамбыл облысында шегірткеге қарсы 230 мың гектардан астам жер өңделеді

Жамбыл облысында шегірткеге қарсы күрес аясында 230 мың гектардан астам алқапты өңдеу жоспарланып отыр. Фитосанитарлық жұмыстар сәуір айының ортасында, алғашқы зиянкестер пайда болысымен басталады. Оған дейін мамандар жерді тексеріп, шегірткенің жұмыртқа салған орындарын анықтаумен айналысады.

Көктемнің басында фитосанитарлық қызмет мамандары егіс алқаптарын арнайы әдіспен зерттейді. Олар топырақтағы жарықтар мен ұсақ тесіктерге назар аударып, шегірткенің жұмыртқа салған орындарын анықтайды. Жәндіктердің дернәсілдері әдетте 5–10 сантиметр тереңдікте орналасады.

Зерттеу барысында белгілі бір аумақтан алынған сынамалар арқылы жұмыртқалардың жағдайы тексеріледі. Мысалы, бір сынамада әр текше метрге шаққанда ондаған дернәсіл анықталуы мүмкін. Орта есеппен әр ұядан 25 дернәсіл шықса, бір гектарда шамамен 4 миллионға дейін жәндік пайда болуы ықтимал.

Мамандардың айтуынша, жұмыртқаларды бүлдірмей санау үшін топырақты аса мұқият қазу қажет. Табылған үлгілердің бір бөлігі зертханаға жіберіліп, дернәсілдердің шығу мерзімі анықталады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.