Таразда білім мен балаларға жағдай жақсарып келеді: жаңа мектеп пен ойын алаңдары бақылауда

Тараз қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков бірқатар маңызды нысандарды аралап, олардың құрылыс және жөндеу барысын тексерді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Алдымен шаһар басшысы №54 орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. 1200 оқушыға арналған білім ордасында қазіргі таңда ауқымды жаңғырту жүріп жатыр. Атап айтқанда, мектептің шатыры толық ауыстырылып, ғимараттың сыртқы қабырғалары жаңартылып, жаңа терезелер орнатылуда.

Қала әкімі мердігер компанияларға жұмыстың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын толық аяқтап, инженерлік жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылды. Нысанды 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан кейін қала басшысы Қ.Сәтбаев көшесіндегі №25 тұрғын үй ауласында салынып жатқан балалар ойын алаңшасының құрылысын көрді. Мұнда да негізгі назар жұмыстың сапасы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аударылды.

Сонымен қатар, әкім жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тұрғындар өз кезегінде аула инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, бастамаларға қолдау білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.